Ташкентте ҚР Премьер-Министрі Тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Төле бидің зиратына барды

ТАШКЕНТ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Тәуелсіздік және гуманизм» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Түске дейін Үкімет басшысы басқарған Қазақстан Республикасының ресми делегациясы Тәуелсіздік және гуманизм ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Монумент Ташкенттегі Тәуелсіздік алаңында (Мустакиллик алаңы) орналасқан. Ол Өзбекстан картасы бейнеленген оюлы өрнекпен әшекейленген металл сферасы. Ескерткіш 1990 жылдардың басында орнатылды. 2005 жылдың желтоқсан айында Мустакиллик алаңын сәулеттік жаңартудың барысында ескерткіш «Бақытты ана» мүсінімен толықтырылды.

Бұдан басқа, Қазақстан Премьер-Министрі Ташкенттегі «Хазрати Имом» кешені мен Төле би жерленген «Шейхантахур» кесенесіне барды.