Ташкентте Наурызды қалай тойлап жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасында Наурыз мейрамына орай мерекелік сейіл, концерт, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық ойындар ұйымдастырылып, тұрғындарға тәттілер таратылуда, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Мерекелік шаралар Ташкент қаласының барлық бөлігінде, атап айтқанда Anhor, Ashgabat, Central Park, Tashkent City Park, Magic city сияқты саябақтар мен басқа да жерлерде кең ауқымда өтіп жатыр.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Көшелерден естілген керней мен сырнайдың сазы мерекенің басталғанынан хабар беріп, барша тұрғынды мейрамды тойлауға шақыруда. Ал, фольклорлық-этнографиялық топтардың ән-билер арқылы бейнелеп, жеткізіп жатқан өзбек ұлты мәдениетінің қайталанбас бірегей болмысы көрермендерді баурап алады.

Сондай-ақ, мерекеге орай ұйымдастырылған қойылымдар, ұлттық костюмдер көрсетілімі, қолданбалы өнер көрмесі, балалардың көңілді билері барлығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бұлармен қатар, Ташкентте Наурызды бай өзбек асханасының тағамдарынсыз елестету мүмкін емес. Қазанда - палау, тандырда - самса, кеседе – көк шай және көктем мерекесінің басты тағамы - сумаляк. Бұл ежелгі кезеңдерден бері бидайдан дайындалатын ұлттық ас саналады, ол үлкен қазанда бір тәулік бойы қайнатылады. Оның құрамы көктем мезгілінде әлсірейтін адам азғасына таптырмайтын дәрумендерге толы.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Наурыз бүгінгі заманға дейін құндылықтарын жоғалтпай жетіп, қазіргі дәуір мен тарихты байланыстыратын күшке айналғандай. Сондықтан өзбекстандықтар бұл күндері әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтай отырып, келер ұрпаққа табиғатпен үндестікте өмір сүру прицптерін дәріптеуге ден қояды.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform