Ташкентте Николай II дәуіріндегі 100 алтын тиынды сатпақ болғандар ұсталды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкентте XIX-XX ғасырлардағы 100 дана «Николай» алтын тиынын 67 мың долларға сатпақ болғандар қолға түстОлардың үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Gazeta.uz Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне сілтеме жасап.

Фото: gazeta.uz

Ташкентте Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің Әндіжан облысы бойынша департаменті мен кеден органдарының қызметкерлері екі азаматты қолға түсіріп, қамауға алды. 

Хабарламада айтылғандай, олар 100 алтын тиынды 67 мың долларға сатпақ болған. Сондай-ақ олардың біріне тиесілі көліктен қосымша 37 алтын теңге табылған.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, таза салмағы 776 грамм болатын 5 және 10 рубльдік алтын монеталар нумизматикалық нысан ретінде мәдени қазына саналады және көркемдік-тарихи құндылыққа жатады.

Фото: gazeta.uz

Түпнұсқалық деңгейі 900 және 916 болатын бұл көне монеталар 1897-1911 жылдар аралығында соғылған және олардың жалпы құны 950 миллион сомды (шамамен 74 мың АҚШ доллары) құрайды.

Халық тілінде «Николай» тиындары деген атпен белгілі бұл тарихи және материалдық құндылықтарды Қырғызстанның Ош облысына апарып сату жоспарланғаны анықталды. 

Қазіргі таңда аталған тұлғаларға қатысты ӨР Қылмыстық кодексінің 177-бабының 4-бөлігінің «а» тармағы (Аса ірі көлемдегі валюталық құндылықтарды заңсыз алу немесе беру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.