Ташкентте «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күні өтті

ТАШКЕНТ. УзА-ҚазАқпарат - Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған делегация құрамы Ташкент қаласында Өзбекстандағы «Қазақстан жылы» аясында өтетін шараға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат УзА-ға сілтеме жасап.

Әлішер Науаиы атындағы Ұлттық кітапханадан басталған шарада, Қазақстанның оңтүстігінен шыққан композитор Қалдыбек Құрманәлі сөз бастап, Әселхан Қалыбекова, Аманхан Әлім, Қасымхан Бегман, Бекжан Әшірбаев сынды арқалы ақындары өз өлеңдерін оқыса, сатирик Көпен Әмірбек келген қонақтарды күлкіге қарық қылды. Сондай-ақ шараға жазушы журналист Сәкен Сыбанбай, Маржан Есжанова, Карима Оралова, Ақмарал Леубаева сынды айтыскер ақындар мен түркістандық БАҚ өкілдері қатысты.

«Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күні Өзбек ұлттық акамедиялық драма театрында Шымкент қаласы өнерпаздарының «Шымкенттен – шашу» атты гала-концертімен жалғасты. Онда Шымкент қалалық мәдениет үйінің ұлт аспаптар оркестрі, «Қазына», «Шаттық» би ансамбльдерінің дайындаған хореографиялық композициялары және қазақ эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы, Шахизада Байпатшанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков, Өзбекстан мен Қазақстанның халық әртісі Фаррух Закиров ән сүйер қауымға ұмытылмастай мерекелік көңіл-күй сыйлады.