Ташкентте танымал L'Оfficiel журналының Орталық Азияға арналған нұсқасы таныстырылды

ТАШКЕНТ. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Ташкентте осымен бесінші рет өтіп жатқан Art Week Style.uz апталығының аясында танымал L'Оfficiel журналының орталықазиялық нұсқасының таныстырылымы өтті.

Француздың байырғы сәндік басылымы болып табылатын L'Оfficiel журналы 1921 жылы Парижде жарық көрген, ал кейіннен 1938 жылы түрлі-түсті фотосуреттер жариялай бастаған әлемге танымал алғашқы сән журналына айналған. Бүгінде басылым Франция, Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Жапония, Араб Әмірлігі, Бразилия, Грекия, Украина, Латвия елдерінде шығады. Ал енді міне, журналдың 90 жылдығы қарсаңында L'Оfficiel Central Asia нұсқасы жарық көріп отыр.

L'Оfficiel Central Asia журналы орыс тілінде шығатын және маусым сайын жарық көретін бірегей басылымның бірі. Оның бас редакторы - дизайнер Гүлнара Каримова.

Ташкент мейрамханаларының бірінде өткен таныстырылымға басылымның иесі Мари-Жозе Сасскинд-Жалю ханым, танымал сән үйлерінің өкілдері қатысты.

«TERRA GROUP» компаниясының телерадиохабарлар тарату жөніндегі директоры АХакимовтың хабарлауынша, басылым ұжымы аймақтағы, оның ішінде Қазақстандағы сән үрдістерімен таныстырмақ.