Ташкентте уланған 10 қазақстандық ауруханадан шықты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Ташкентте ем қабылдап жатқан қазақстандықтардың қатары азайды. Қазір Өзбекстан астанасындағы ауруханаларда сегіз отандасымыз дәрігерлердің бақылауында, олардың алтауы — бала, екеуі — ересек адам. Ішек инфекциясының қоздырғышын анықтайтын зертханалық талдау нәтижесі бүгін кешке белгілі болады.

Фото: балалардың ата-аналары ұсынды

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің мәліметінше, 2 қараша күні кешке Ташкент қаласындағы № 5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы бір бала жеткізілген. Осыдан кейін ауруханаға жатқызылған қазақстандықтардың жалпы саны 18-ге жеткен. Олардың 12-сі бала болса, алтауы — ересек адам.

3 қарашадағы жағдай бойынша, 10 науқас, оның ішінде алты бала мен төрт ересек адам ауруханадан шығарылған.

Қазір сегіз қазақстандық ем алып жатыр.

— Науқастардың жағдайы тұрақты. Барлығы қажетті медициналық көмек алып, білікті мамандардың тұрақты бақылауында, — делінген елшілік хабарламасында. 

Науқастарды одан әрі емдеу мәселесін талқылау үшін Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен дәрігерлер кеңесі өткен.

— Дәрігерлер жас футболшылардың денсаулығы жақсарып келе жатқанын атап өтті. Ішек инфекциясының қоздырғышын анықтау үшін жүргізілген ПТР талдауының түпкілікті нәтижесі бүгін кешке дайын болады, — деп хабарлады елшілік.

Қазақстан азаматтарына медициналық көмек көрсету жұмысына Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі мен Ташкент қаласының әкімдігі де атсалысып жатыр. Бұл іске Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олима Омонова, Ташкент қаласы әкімінің орынбасары Дурдона Рахимова және қалалық денсаулық сақтау бас басқармасының жетекшісі Ботир Исабеков тартылған.

Елшіліктің көмегімен Қазақстанның 13 азаматы елге оралған. Спорттық жарыстарға қатысу үшін Өзбекстанға барлығы 95 қазақстандық барған. Мәлімет жарияланған кезде олардың 12-сі әлі де Өзбекстанда болған. Оның сегізі ауруханада ем қабылдап жатқан.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев елге оралған азаматтарды қарсы алу және өңірде медициналық тексеруден өткізу жұмыстарын үйлестіріп отыр. Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктері науқастарды емдеу және азаматтарды елге қайтару мәселелері бойынша өзара байланыста жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, Қарағанды облысының жас футболшылары Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 турниріне қатысу кезінде жаппай улану дерегі тіркелген болатын.

Осы оқиғаға байланысты Өзбекстан Бас прокуратурасы санитариялық заңнама талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.