Бұл туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ол Өзбекстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденеймен және команданың бас бапкерімен тұрақты байланыста.
— Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі жағдайды жеке бақылауына алған. Балалар толық сауығып шыққанша Өзбекстанда болады. Ал қалған балалар ата-аналарымен бірге бүгін Қазақстанға қайтады, — деп хабарлады Динара Зәкиева.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы да жағдайға қатысты мәлімет берді. Ведомство турнирге қатысқан командалардың жаттықтырушыларымен үздіксіз байланыста екенін мәлімдеді.
Басқарманың хабарлауынша, Ташкенттегі стационарда 11 бала мен үш ата-ана дәрігерлердің бақылауында.
Бұдан бөлек, сапарға қатысқан 15 адам — спортшылар, ата-аналар мен жаттықтырушылар Ташкент әуежайынан сағат 15:10–да HY721 рейсімен Астанаға ұшып шықты. Қалған қатысушылар 3 қарашада «Түркістан — Павлодар» бағытындағы пойызбен Қарағандыға оралады.
Еске салайық, халықаралық Dostlik Cup 2026 турнирінде Қарағанды облысының намысын Jas Batir, Nomad Akademiya және Skaut жекеменшік футбол мектептерінің тәрбиеленушілері қорғауға аттанып, жаппай уланып қалған.
Жас спортшылар 2014, 2018 және 2019 жылы туған балалар арасындағы жарысқа қатысты. Ташкентке барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Сапар шығындары жеке қаражат есебінен өтелген.
Айта кетейік, басқарманың 2 қараша күні сағат 09:00–де таратқан алғашқы мәліметінде Ташкент қаласындағы № 5 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана жатқызылғаны айтылған. Олардың барлығы G’ayrat Hoji ota hotel қонақүйінде тұрып, сол жерде тамақтанған.