Марапаттау рәсіміне Гиннес рекордтар кітабының өкілі және судья Шейда Субаши қатысып, кешеннің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растады. Шараға сәулетшілер, дизайнерлер, жобада жұмыс істеген құрылысшылар қатысты. Марапат орталықтың ғылыми кеңесінің мүшелеріне табыс етілді.
Субашидің айтуынша, нысан тарихи мұраны заманауи музей технологияларымен ұштастырып, тек ең ірі музей емес, сонымен қатар мәдени диалог алаңы ретінде де қызмет етеді.
Бас сәулетші Абдукаххор Турдиев кешеннің архитектурасы Өзбекстанның мәдени байлығын және оның әлемге ашықтығын көрсететінін атап өтті. Орталық қазірдің өзінде өңірдегі ең көп баратын мәдени-ғылыми нысандардың біріне айналған. Күн сайын оны 5 мыңға жуық адам тамашалайды.
Орталық директоры Фирдавс Абдухаликов бұл марапат жүздеген маманның еңбегінің мойындалуы екенін айтып, жобаның жүзеге асуына ел президенті Шавкат Мирзиёевтің қосқан үлесін де ерекше атап өтті.
Кешен шамамен 10 гектар аумақты алып жатыр, ұзындығы — 161, ені — 118 метр, күмбезінің биіктігі — 65 метр, ал жалпы ауданы 50 мың шаршы метрден асады.
Бұған дейін Петропавлда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Анатолий Висельский екі саусақпен кермеде тартылып тұру бойынша әлемдік рекордты жаңартқаны туралы хабарладық.