Ташкенттегі әлем чемпионатында қазақстандық палуандар медальсіз қалды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкентте еркін, әйелдер және грек-рим күрестерінен әлем чемпионаты аяқталды. Чемпионаттың соңғы күні грек-рим күресінен 59, 71 және 98 келі санаттарында награда иелері анықталды.

Қазақстандық палуандар тағы да медальға қол жеткізе алмады. 59 келіге дейінгі салмақта Ербол Қоңыратов бірінші айқастың өзінде Эсмаэль Борреродан (Куба) жеңіліп қалды. 71 келі салмақта Демеу Жадыраев екі қарсыласын; Ридонг Жанг (Қытай) пен Кова Ядаваны (Үндістан) ұтты, бірақ кейін Варшам Боранянға (Армения) жол берді. 98 келі салмақта Жанарбек Қабдолов бірінші айналымда Василь Имерлишвилиді (Грузия) ұтқанымен, Александр Грабовиктен (Беларусь) жеңіліп қалды.

Еске сала кетейік, 8-14 қыркүйек күндері Ташкентте еркін, әйелдер және грек-рим күрестерінен әлем чемпионаты өтті. Әлемдік біріншілікке 90 елден 800 спортшы қатысты. Өкінішке орай, Қазақстан құрамасы бірде-бір медальға қол жеткізе алмады.