Облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаевтың айтуынша, егер үйіңізді су басу қаупі жоғары болса, онда бірқатар ережені орындауыңыз қажет.
«Ең әуелі үйіңіздің ауласын алдын ала қар мен мұздан тазартыңыз. Содан соң қап, құм, топырақ, балшық дайындап, үйді сомен қоршаңыз. Ертерек қамданып, үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіріңіз. Жертөледе азық-түлік болса оны да шығарып алыңыз», - деп түсіндірді ол.
Шұғыл эвакуация жағдайына ауыз су мен азық-түлікті, алғашқы қажет болатын заттарды дайындап алу шарт.
«Олар – құжаттар, ақша, маңызды деген қағаздар мен заттар. Көктем шығып, күн жыли бастағанда үнемі бұл заттарды дайын ұстап отыру керек. Себебі «Апат айтып келмейді» деген сөз тектен-текке айтылмаған. Үнемі сақ болып, кез келген жағдайға дайын отыру қажет», - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Су деңгейі кенеттен көтеріліп кеткен жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз. Байбалам салмаңыз. Әр әрекетіңізді мақсатты түрде жасаңыз. Газ бен электр құрылғыларын өшіріңіз. Құтқарушылар келгенше биіктеу жерге шығып алып күтіңіз және эвакуацияға дайын болыңыз.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындарды су тасқынының жақындап қалуы туралы ескерту дабылы қағылған кезде қауіпсіз аймаққа көшірілу үшін мүмкіндігіңіз болса алдын ала белгіленген эвакуациялау пунктіне келіп үлгеру керек. Болмаса биік жерге шығып, тосып тұрыңыз. Ал құтқарушылар сізді дер кезінде таба алуы үшін не істеу қажет?
«Күндізгі уақытта ақ немесе ашық түсті киім киіп алыңыз. Ал түнде жарық сигналдарын беруіңіз қажет. Қауіп төнбесе, көмек келгенше сол жерде болғаныңыз абзал. Су басқан аумақтан өзін-өзі эвакуациялау зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ғана құпталады. Ол үшін қайыққа немесе бөрене сияқты су үстінде тұратын басқа да материалдардың үстіне шығып алыңыз», - делінген ақпаратта.
Эвакуациялану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажет: қайыққа бір-бірден кіріңіз, қозғалып тұрғанда отырмаңыз, орын ауыстырмаңыз, ешкімді итермеңіз. Ал егер суға түссеңіз, онда су баспаған ең жақын жерге жүзіңіз.
Су деңгейі төмендегеннен кейін ғимаратқа кірер алдында оның қабырғаларының қатты зақымданбағанына және қауіп төндірмейтініне көз жеткізіңіз. Ішкі бөлмелерді аралап жүрген кезде темекі шекпеңіз және от жақпаңыз. Тек электр шамдарын қолданыңыз, жыртылған немесе салбырап тұрған электр сымдарынан сақ болыңыз. Электр желісінің жай-күйін тексермейінше оларды қосуға тыйым салынады. Су тиген тамақтарды санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тексергенге дейін ішіп-жеуге болмайды.