«Су тасқыны бойынша сағат 16:00 жағдай, азаматтық қорғау қызметінің көмегімен 88 мыңға жуық адам, оның ішінде 30 мыңға жуық бала эвакуцияланды. Қазір уақытша орналасу пункттерінде 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 3700 бала бар және 4800 адам үйіне оралды. Сондай-ақ, 82 315 үй жануары қауіпсіз жерге айдалды. Авариялық құтқару жұмыстарына 23 мыңнан астам адам және 2500-ге жуық техника, 448 су сору, 131 суда жүзу техникасы және 6 әуе кемесі жұмылдырылған», - деді Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Брифинг барысында айтылғандай, соңғы тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамынан 525 адам мен 100-ге жуық техника Алматы қаласынан Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облысына жіберілді. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің 58665 әскери бөлімінің жеке құрамы Астанадан СҚО-ға жөнелтілді.
«Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті атқарушы органдардың күшімен 8 млн-нан астам текше метр еріген қар суы сорылды. 1 млн 200 мыңға жуық құм салынған қап және 1 млн тоннадан астам инертті материалдар төселді», - дейді ол.
Төтенше жағдайлар министрлігінің таңғы сағат 10:00-дегі мәліметі бойынша тасқын су аумағынан 85 мыңға жуық адам эвакуацияланды.