Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, тұрғындар өтемақы төлеу, жаңа баспана беру мәселесін көтерген. Жиналғандармен Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов кездесті.
«Жылыой ауданында 2 920 үйді су бастқан. Қазір оның 2 906-сы судан тазартылды. Бүгінге дейін тасқын су кірген 2 667 тұрғын үйге техникалық зерделеу, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілді. Тұрғындардан 3 мыңға жуық өтініш түсті. Су тасқынынан зардап шеккен 3 904 тұрғынға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем берілді», - деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Сондай-ақ 289 кәсіпкерге залалды өтеу бойынша кеңес берілген.
«Бүгін түстен кейін арнайы мамандар әр тұрғынның үйіне барады. Олар тұрғын үйді техникалық зерделеу және бағалау қорытындысымен таныстырады», - деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыда құрылысы бітпеген 14 үй мен 7 кәсіпкерлік нысан әлі су ортасында тұрғанын хабарлаған едік.