Тасқын төніп тұрған 8 өңірдің бірі Ақтөбеде дайындық қалай

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмысы аяқталып келеді. Сонымен бірге 2 су қоймасының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. 

Ақтөбе облысы су тасқыны қаупі жоғары өңірлер тізіміне енді. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласы мен барлық ауданда қар шығару, су сору жұмысы жүріп жатыр. Сонымен бірге мердігерлер бөгетті нығайту жұмысын аяқтауға жақын.

Бөгеттер құрылысы мен нығайтуға 7 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды

Ақтөбенің аудандарында, әсіресе былтыр тасқын болған Қобда, Ырғыз, Темір, Әйтеке биде бөгеттер нығайтылды.

Мәселен Әйтеке би ауданы Т. Жүргенов ауылындағы Ырғыз өзенінің жағасын нығайтуға 243,8 млн теңге жұмсалды. Ал Қобда ауданында 3 бөгетке 1,3 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі кезде Орал-Ойыл, Сауқайын бөгеттеріндегі жұмыс аяқталып, Батыс бөгетіндегі жұмыс жалғасып жатыр. 

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Ойыл ауданындағы 2 бөгетте құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар Ақкемер және Қаратал бөгеттері. Бөлінген қаржы 1,5 млрд теңгеден асады. Темір ауданындағы 7 бөгеттің бесеуінде, атап айтар болсақ, Шұбарқұдық, Задепо, Еңбекші, Бабатай, Қопада жұмыстар аяқталды. Ал Шұбарши, Құмсай бөгеттеріндегі жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ауданда 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ырғыз ауданында Мамыр, Белшер, Құйылыс, Ырғыз, Құтикөл бөгеттері салынды, ал Жайсанбайда жұмыс әлі жалғасып жатыр. Мұнда 1,5 млрд тг астам қаржы бөлінді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы. 

Сонымен бірге 2024 жылы Мәртөк ауданындағы Мәртөк бөгетінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан қабылданды. 

Алға ауданындағы Шолақ бөгетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Темір ауданының Қара бөгетіне қаржыны демеушілер бөлді.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Үш су қоймасы су қабылдауға әзір

Ақтөбе, Қарғалы, Сазды секілді ірі су қоймаларының бәрі қазіргі кезде су қабылдауға әзір.

Ақтөбе су қоймасына былтыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп, судың бестен бір бөлігі жіберілді. 

— Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы — 245 млн текше метр. Қазіргі таңда 61 млн текше метр су бар, қалғаны бос. Қазгидромет Ақтөбе су қоймасына 200-300 млн текше метр аралығында су келеді деген болжам беріп тұр. Соның 200 млн текше метрін біз алып қалсақ, 100 млн текше метр суды жібереміз деп жоспарлап отырмыз. 10 күнде 10 млн текше метрден су жіберсек, ешқандай қауіп төндірмейді. Былтыр 1 тәулікте 180 млн текше метр су келді. Қарғалы су қоймасы жобалық көлемі — 280 млн текше метр. Қазіргі таңда 81 млн текше метр су бар. Қазгидромет болжамы бойынша Қарғалы су қоймасына 70-140 млн текше метр аралығында су келеді. Бос көлеміміз 200 млн текше метр болса, мұнда тек қана су жинаймыз. Сазды су қоймасының жобалық көлемі — 7,5 млн текше метр. Қазіргі таңда 2,5 млн текше метр су бар. Бүгінгі күнге қауіп жоқ деп айтуға болады, — деді «Қазсушар» РМК АОФ директорының орынбасары Тимур Тілеуов. 

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Сонымен бірге өңірде 4 су қоймасын салу жоспарланған:

  1. Ақтөбе қаласы Жаман Қарғалы өзеніндегі Өлке су қоймасы. 
  2. Мұғалжар ауданында Елек өзенінде Жарық су қоймасы. 
  3. Хромтау ауданында Ор өзенінде Жамбыл су қоймасы. 
  4. Қобда ауданы Қобда өзенінде Әлия су қоймасы. 

Қазіргі кезде Жаман Қарғалы өзеніндегі Өлке су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасына 56 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, «G6-Project» ЖШС-і жеңімпаз деп танылды.

Сонымен бірге Хромтау ауданы Ор өзеніндегі Жамбыл су қоймасын салуға арналған жобалық-сметалық құжатты «Ақтөбе Жоба» ЖШС-і жасайды. Ол үшін 51,4 млн теңге қарастырылды.

Жедел штаб жұмысын бастады

Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы жедел штаб жұмысын бастады. Ақтөбеліктер Ахуалдық орталықтың 109 және төтенше жағдайлар департаментінің 112 байланыс нөміріне хабарласа алады.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Сонымен бірге Ақтөбе қаласы мен 12 ауданда ұялы байланыс нөмірлері іске қосылды. 

— Ақтөбе қаласының Алтын орда ауданында әскери бөлімдер мен өзге де күш құрылымдар көмегімен арықтар тазартылды. Ақтөбе қаласында және 9 ауданда мұз жару жұмысы жүргізілді. ТЖД күш құрылымы су тасқынына дайын. Бүгінде 3600-ден астам адам, мыңнан астам техника, 100-ден астам жүзу құралы мен 440 мотосорғы дайындалды. Сонымен бірге Ақтөбеге Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан күш құрылымы келеді. Қандай да бір ауданда төтенше жағдай болса сол жерлерге жіберіледі. 17 наурыз күні 100-ге жуық адам 30-ге жуық жүзу құралы мен мотосорғыны ала келеді, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Фото: Kazinform

ТЖД 12 наурыздан бастап облыстың 6 ауданына қүш құрылымын жіберіп жатыр. Бұған дейін Қобда, Хромтауға бір тобы кетсе, бүгін Ойыл, Ырғыз, Темірге жолға шықты.

Департамент қызметкерлері арық тазалау, су сору, су арнасын бұру жұмыстарын атқарады. Бұл жұмыс тасқын қаупі сейілгенге дейін жалғасады. 

— Ақтөбе облысы бойынша 58 елдімекен қауіпті аймаққа кірді. Жергілікті атқарушы органдар ол жерлерде бөгет салып, бекіту жұмысын жүргізді. Су тасқыны кезеңінде мердігерлердің бәрі сол жерде кезекшілік етеді. Қазір кезекшілік басталды. Облыстық ТЖД-де де жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Адамдар 109 және 112 нөміріне хабарласа алады. Күн жылыған кезде Шалқар және Ақтөбе қаласында көшелерге су жиналды. Хабарлама түскенде ТЖД мен жергілікті атқарушы орган бірлесіп, су сору жұмысын жүргізді. Ол жерге аулаға, үйге су кіру тіркелмеді, — деді Айбат Жаңабергенов. 

ТЖД жергілікті атқарушы органның көмегімен жол талғамайтын көлік, жүзу құралын, мотосорғы, арнайы киімдер алып, қала мен аудандарға таратылды. 

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда төтенше жағдай режимі әлі сақтаулы.

Ақтөбе қаласында су тасқынына қарсы шараларға 251 млн теңге, ал ассенизаторлар қызметіне 300 млн тг қарастырылып тұр.

Облыста барлығы 58 елдімекен қауіпті аумақта. Қазіргі кезде 199 эвакуациялық пункт әзірленді.

Қазгидромет Ақтөбе облыстық филиалының мамандары 13-18 наурыз аралығында жаңбыр жауып, күн күрт жылынатынын хабарлады. 

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform