Тасқыннан құтқарылған 6,5 мың адам әлі эвакуация пунктін паналап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «Біз біргеміз» жалпыұлттық телекөпірінде тасқын салдарынан үйін тастап шыққан адамдардың ахуалына тоқталды.
«Қазіргі таңда 119 мыңға жуық адам құтқарылып, бір бөлігі эвакуацияланды. Оның 45 мыңы — бала. Кейінгі 80 жылда болмаған топан су бір мезгілде 10 өңірді қамтыды. Бірақ, соған қарамастан, біздің құтқарушылар ең алдымен мүмкіндігі шектеулі, егде жастағы адамдарды құтқарып, қандай қиын жағдай болса да күн демей, түн демей осы жұмыстың бәрін атқарды», — деді ол.
Айтуынша, тасқыннан құтқарылған халықтың басым бөлігі қазір үйіне қайтқан.
«Қазіргі таңда эвакуациялық пунктерде 6,5 мыңнан адам бар. Оның 3 мыңға жуығы — бала. Эвакуация басталғаннан бері 40 мыңға жуық адам өз үйлеріне аман-есен қайтты. Жаңа айтқан 6,5 мыңнан астам адам да жуықта үйіне оралады деген сенімдемін. Оларға бүкіл қамқорлық жасалып жатыр. Біздің еріктілер мен кәсіпкерлер тарапынан, мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр», — деді Шыңғыс Әрінов.