Тасқын кезінде қауіп төндіруі мүмкін гидротехникалық құрылыстар анықталды - Қарағанды облысы

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өңірде гидроқұрылыстарды паспорттау жүргізілді. Қажетті материалдар қоры жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде гидротехникалық құрылыстарға баратын жолдар қардан тазартылады. Әр объектіге кәсіпорын қызметкерлері бекітілген. Жоғары дайындық режімін енгізу кезінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.

Су тасқыны кезінде елді мекендер үшін қауіп төндіруі мүмкін гидротехникалық құрылыстар анықталды. Олардың саны шамамен 50 нысанды құрайды.

«Облыстық коммуналдық меншіктің барлық нысандарында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жүргізілді. Мамандар су ағызуды тереңдетіп, кеңейтті, өзен арналарынан қоқыс шығарды. Сондай-ақ бөгеттердің жоталарына топырақ төгіліп, тегістелді, су өлшегіш сызғыштар орнатылды», - деп мәлім етті Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан.

Сонымен қатар, Саран және Федоров су қоймаларында реттегіш шлюздер жөнделді. Биылғы жылы Топар және Тихоновка апаттық гидротехникалық құрылыстарына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ, оларды паспорттау және декларациялау жүргізілетін болады.

Өткен жылы Соқыр өзенін санациялау жұмыстары аяқталды. 2020 жылы Шерубай-Нұра және Топар өзендерін санациялау жоспарлануда.