Тасмағамбетов еуропалық бизнесмендерді еуразиялық көлік дәлізін пайдалануға шақырды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов еуропалық бизнесмендерді еуразиялық көлік дәлізінің мүмкіндігін пайдалануға шақырды, деп хабарлайды Мәскеудегі ҚазАқпарат тілшісі РФ-дағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хабарламада аталып өткендей, Иманғали Тасмағамбетов Ресей еліндегі Германия Федеративті Республикасының ұйымдастыруымен экономикалық бағытта өрбіген "Еуропалық кеңес - Еуразиялық экономикалық одақ" атты пікірталас алаңына қатысты. 

Осы жиында сөз сөйлеген Елші  Еуразиялық экономикалық одақтың негізі қаланып, оның әрі қарай қарқын алуы, ең алдымен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында екендігін ерекше атап өтті.

«Еуропалық Одақ қалыптасқан үрдіске сай, Еуразиялық экономикалық одақтың сауда-саттық саласы бойынша негізгі серіктесіне айналған.  ЕАЭО елдері  Еуропалық одақ сыртқы сауда көлемінің 50% астам үлесін иеленуде», - деді Иманғали Тасмағамбетов. 

Тауарларды жеткізу кезінде оның өзіндік құнына қарағанда тасымалына кететін уақыт шығынын есептеу әлдеқайда маңызды. Осы ретте, Елші Еуропа мен Азияны қосатын, шөлді даламен өтетін трансеуразиялық жолдың су қатынасынан артық екенін атап өтті.

«Қазақстан бұған толығымен әзір. Елімізде мемлекеттік бағдарлама толықтай жүзеге асып отыр. 26 жылдың ішінде 10 мың шақырым жол жаңартылып, жөнделді. Жуырда 8000 шақырым тасжол пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2,5 мың шақырым теміржол іске қосылды», - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Пікірталас алаңында «Еуразиялық экономикалық одақ - сауда саттық саясатының ұстанымы» атты сараптамалық жұмыс көпшілік назарына ұсынылды. Онда көптеген қажетті ақпараттар мен мәліметтер жиынтығы берілген.