Тасмағамбетов Президенттің шетелдегі өте ауыр жұмыс кестесі жайында айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тәуелсіздік тағылымы» атты тележоба барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Президенттің шетелдегі өте ауыр жұмыс кестесі жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен ол кезде Президенттің көмекші болып жұмыс істейтінмін. Әлі есімде, біз Алматыдан күндізгі 12-де ұшып шығып, Вашинтонға жергілікті уақытпен күндізгі 12-де жеттік.  Яғни, біз 12 сағат ұштық, ал уақыт айырмашылығы да 12 сағат болатын. Ұшақ трапынан бірден Нұрсұлтан Әбішұлының сапары, кездесулері келіссөздері басталды. Біз қонақ үйге шамамен 6-да жеттік.  Бізге киім ауыстыруға жарты сағат уақыт берілді, сағат жетіде ресми қабылдау еді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз нөмеріне, мен өзімнің нөміріме кіріп, жаныма рацияны қойдым және күзетшіден Президент шыққан кезде маған бірден ескертуді өтіндім. Біз 12 сағат  ұшып келіп, күні бойы жұмыс істегеннен кейін шаршап, көзім ілініп кетіпті. Оянғаннан кейін де 5 минут қана көз шырымын алғандай болдым. Рация үнсіз. Нөмірімнен жүгіріп шығып, Президент нөміріне жетсем күзетші тұр. Мен одан «Қабылдауға қашан шығатын болдық?» деп сұрадым. Ал ол маған «Қайдағы қабылдау? Қабылдау аяқталды, қазір тағы сағат 7» дейді. Сөйтсем, мен түні бойы қатты ұйықтап қалыппын. Мен мұнымен кестенің қандай қарбалас болғандығын және бұл кестеге барлығы бірдей шыдай бермейтіндігін айтқым келді», - деді Тасмағамбетов.

Өз кезегінде Елбасы: «Иманғали, бұл жайт менің есімде жоқ», - деді.