Тасымалдаушылар Көлік министрлігінен республикалық жолдарда қойылатын маусымдық шектеулерді қайта қарауды өтінуде

АСТАНА. 30 наурыз. Қазақпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев автокөліктеріне артық жүк тиегендері үшін «Қызылжар» көліктік бақылау  бекетінде тоқтатылған  жүк тасымалдаушылармен кездесті.

Министрлік баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кейбір көліктердің жалқы білігіне түскен жүк салмағы  14 тоннадан асып кеткен. Ал, білікке түсетін  жүк  салмағының рұқсат етілетін мөлшері Қазақстанда, сондай-ақ Әзірбайжан, Түркия,  Ресей, Германия елдерінде 10 тоннаны құрайды. Көктем мезгілінде бұл мөлшер Қазақстанда 8 тонна деп бекітілген. Мұндай маусымдық шектеулер Ресей Федерациясында, Беларусьте және Еуропа елдерінде қолданылады.

Маусымдық шектеулер әлемдік тәжірибеде бар және Азия елдерімен қатар Еуропа мемлекеттерінде қолданылады. Бұл климаттық жағдайлардың өзгеруіне  байланысты: көктемде еріген қар суы, жазда жоғары температура жол жамылғысының тез  бұзылуына себепкер болады.

Тасымалдаушылардың пікірінше, бұл шектеулерді алып тастау керек, немесе ұлғайту бағытында  қайта қарастыру қажет.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, шектеулерді алып тастау, жолдардың тез бұзылуына және оларды қайта қалпына келтіру үшін бюджеттен бөлінетін орасан қаржы шығынына алып келеді. Мысалы, 1 шақырым жолды қайта салу үшін орташа есеппен 200-ден 600 млн. теңгеге дейін қаржы қажет.

Бақыт Әбішев, тасымалдаушылар  рұқсат етілген ережелерге сәйкес заңнаманы сақтау қажет деп есептейді. Себебі, автожолдардың негізгі желісі заңнамада көрсетілген жүктің салмақ мөлшеріне есептелген.

Сонымен бірге, З.Сағыновтың айтуынша, сапасы жоғары жаңа жолдардың салынуына байланысты комитет аталған көрсеткішті жоспарлы түрде көтеруді  көздеуде. Мысалы, «Астана- Щучье» автобаны жалқы білікке түсетін жүк салмағы 13 тоннаны құрайтын автокөліктердің қозғалысына есептелген.