Тасжол жиегіндегі құм мен қиыршық тас қалай тазартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол жиегін құмнан, топырақтан, ұсақ қиыршық тас пен өзге де қалдықтардан тазарту үшін арнайы элеваторлық үлгідегі сыпыру-жинау техникасы қолданылады, деп хабарлайды ҚазАвтоЖол.

Фото: Видеодан алынған скрин

Мамандардың айтуынша, жол жиегінің тазалығы тек жолдың сыртқы көрінісіне қатысты мәселе емес. Ол жол таңбаларының анық көрінуіне, жол жамылғысының жай-күйіне және қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

«ҚАЖсервис» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау кезінде арнайы элеваторлық үлгідегі сыпыру-жинау техникасын пайдаланады.

Оның қарапайым сыпырғыш техникадан басты айырмашылығы – жол бетіндегі құм мен қиыршық тасты жол шетіне ысырып тастамайды. Арнайы механизм қалдықтарды жинап алып, бірден қатар жүріп келе жатқан түсіргіш көліктің шанағына тиейді.

– Техника бір жүріп өткенде ені 3 метрге дейінгі жолақты тазарта алады. Оның жұмыс жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін жетеді, ал жол бетіндегі қалдықтарды жинау өнімділігі минутына 1,2 тоннаға дейін барады. Жұмыс кезінде шаң көтерілмеуі үшін бір тоннадан астам су қоры бар ылғалдандыру жүйесі қарастырылған. Механикалық жинау жүйесі жол жамылғысының тегіс емес учаскелерінде де жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – делінген ақпаратта.

Мұндай әдіс әсіресе қыс мезгілінен кейін тиімді. Өйткені осы кезеңде жол жиегі мен жүру бөлігінің шетінде құм, топырақ және ұсақ қиыршық тас көптеп жиналады.

Жиналған материалдың жол шетіне жай ғана сыпырылмай, арнайы көлікке тиелуінің қозғалыс қауіпсіздігі үшін де маңызы бар. Бұл ұсақ тас пен қиыршық тастың қозғалыстағы көліктерге қарай шашырау қаупін азайтады.

Сонымен бірге жол жамылғысының шетін тұрақты тазарту жол таңбалары мен жүру бөлігінің шекарасын анық көруге мүмкіндік береді.

Жолшылар үшін мұндай тазалау күнделікті жұмыстың бір бөлігі болса, жүргізушілер оның нәтижесін таза жол жиегінен, анық көрінетін жол таңбасынан және көлік қозғалысына кедергі келтіретін бөгде заттардың азаюынан байқай алады.

Айта кетейік, Атырау облысында Миялы–Тайсойған жолын құм басып жатыр.