Татьяна Бурмистроваға «Қаланың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тапсырылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі облыстық орыс драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, термеші Татьяна Бурмистрованың «Әйелдің жасы 18...» шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Кеш басталмас бұрын, театр фойесінде әнші өмірінен сыр шертетін «Қияға қанат қақты қанша арманым!» атты фотокөрме ұйымдастырылды. «Қоңыр дауыс» деректі фильмі көрсетілді. Фильмде әншінің өмірі мен өнер жолындағы қызықты да тартысты кезеңдер бейнеленген.



Шығармашылық кеш «Мен қазақтың қызымын», «Ақ тамақ» әндері және театрландырылған қойылымдармен басталып, Татьяна Бурмистрованың өнеріне арналған өлеңдерден поэтикалық композиция, халық әндерінен сазды әншашулар мен «Әйелдің жасы 18...» сырласу әндері орындалды.

Айта кетейік, қазақтың ән-термесін 30 жылдан аса уақыттан бері дəріптеп, елінің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген орыс қызы Татьяна Бурмистрова Бəйдібек ауданындағы Алғабас ауылында дүниеге келген. Қазақ тілі мен қасиетті қос ішекті домбыраны серік еткен дарынды əншінің шығармашылық концертіне облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сəдібекұлы қатысып, облыс басшысының құттықтауы мен сый-сияпатын табыстады. Ал, Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов «Қаланың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тапсырды.