***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында егіс танаптарын, шаруашылықтарды аралап, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалу жайымен танысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Мерекелі жылдың берекелі астығы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Мерекелі жылдың астығы берекелі болғалы тұр. Алғашқы нәтижелер қуантарлық. Гектар өнімділігі 18,5-19 центнерден айналуда. Айыртау, Тайынша, Мүсірепов, Ақжар аудандарының көрсеткіштері 20-дан асып жығылады. Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко секілді түсімді 25-30 центнерге жеткізгендер қатары күн санап көбейіп келеді. Соған қарағанда, облыс бойынша 6,5-7 миллион тонна астық жиналады деп болжануда», - деп жазады басылым.
«Кеше Парламент Мәжілісінде Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф «Дін істері және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң жобасын таныстырып, тұсаукесерін жасады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Дін істері заңнамасын жетілдіру - өмір талабы» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, діни сенім-наным бостандығы заң жобасында үш негізгі қағидатқа сүйенеді. Олар - бейтараптық, толеранттылық және теңдік. Заң жобасы бойынша діни бірлестіктер 18 жасқа толған азаматтардың бастамасымен құрылады. Бұдан 18-ге толмаған жастың діни бірлестікке мүше болуға құқы жоқ деген ұғым туады. Заң жобасы діни бірлестіктердің қай конфессияға жататындығын көрсетпей, жалпылама атаумен тіркелуіне де жол бермейтіні белгілі болды.
***
24-25 қыркүйек аралығында Алматыда дзюдодан Әлем кубогы кезеңі өтеді. Аталған бәсекенің мәні мен маңызы зор, мәртебесі асқақ екенін көпшілік жақсы біледі. Сол себепті де қатысушы мемлекеттер өздерінің барлық белді балуандарын жарыс жолына шығаруды жөн санайды. Міне, осындай мәртебелі дода Алматыда өтеді деп жоспарланды. Алатау баурайында орналасқан әсем қалаға таяу күндері төрткүл дүниенің теңдессіз татами шеберлері келеді. Осынау байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшыларымыз жайында кеңінен мағлұмат алғыңыз келсе «Айқын» газетінің жұма күнгі санындағы «Татами тарландары Алатау баурайында бас қосады» деген мақалаға назар салыңыз.
Жақында Қазақстан тарихшыларының ең жоғарғы форумы - тұңғыш конгресі өтпек. Әрине, оның керекті іс екендігіне еш күмән жоқ. Бірақ конгресс қалай өтеді, не береді, қабылданған шешімдер тарих ғылымының дамуына қалай әсер етеді? Конгресс ғылымға тигізген пайдасы шамалы «ғылыми конференциялар» сияқты өте ме, жоқ әлде онда бүгінгі Қазақстан тарих ғылымының нақты жағдайына талдау жасалынып, ондаған жылдар бойы қордаланған мәселелердің шешілу жолдары іздестіріле ме? Міне осы сауалдарды «Айқын» газеті тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қамбар Атабаевқа қойып, тұщымды жауап алған. Ғалым жауаптары «Қазақстан тарихшыларының тұңғыш конгресі не береді?» деген тақырып аясында берілген.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында қазақ футболының ардагері Тимур Сегізбаевпен арадағы сұхбат «Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толады, ал салғанымыз бір-ақ стадион» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Келісімшарт жүйесі қалыптасқан, бірақ бапкерлерде лицензия жоқ. Барлық командалардың ізбасар тәрбиелеу ісі көңілдегідей деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, қазір жергілікті бапкерлерге қолдау көрсетілмейді. Ақша төлеп, шеттен шақырамыз. Өзіміздің мамандар көлеңкеде қалды», - дейді.
Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін енгізу бойынша біраз іс-шара атқарылғанымен, осы салада кәсіби тәжірибе әлі жетіспей жатқан сияқты. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Болашақ госпиталі» бастамасы қолға алынды. Денсаулық сақтау жүйесін тиімді басқару саласындағы әлемнің озық тәжірибесі мен инновациялық әлеуетін тартып, отандық медицинаны жаңаша дамытатын «Болашақ госпиталі» Астанадағы Ұлттық медициналық холдингі негізінде жұмыс істейтін болады. Осынау игі бастамаға Астанада басталған ІІ Халықаралық медициналық іскер форумының жұмысы арналды. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Болашақ госпиталі» Астанада орналасады» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Ресейдің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавровқа «Локомотив» ХК ойыншылары мен ЯК-42 ұшағы экипажының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. «Локомотив» хоккей клубының мүшелері мен экипаждың қазасына алып келген ЯК-42 ұшағының апатқа ұшыраған хабарын аса күйзеле отырып естідім. Мен қайғыға ортақтасып, қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтамын», - делінген жеделхатта.