Тәтті сусынды көп ішкендер қант диабетіне шалдыға ма?

Фото: Коллаж: Kazinform / Pixabay / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі 5 жылдың төңірегінде мінберлерден тәтті сусындарға шектеу қою, қосымша салық енгізу жайы айтылуда. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұл көзқарасты ашық қостап, қант диабетіне шалдыққандардың көбеюіне осы сусын түрі себеп болып жатқанын алға тартқан. 

Әрине, сөз еткен тәжірибе жаһанның біраз елінде бар. Дегенмен бастама елдегі тәтті сусын өндірушілерінің қарсылығына тап болды. Екі тарап қандай пікір айтады, тәтті сусындарға акциз енгізудің қажеті бар ма? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы мәселені зерделеп көрді.

Жаһаннан бір тиек

Тәтті сусындарды жиі ішетіндер арасында Coca-Cola-ның танымал екені даусыз. Дегенмен осы брендтің Мексикамен байланысы ерекше. Ең алғаш 1926 жылы экспорттала бастаған Coca-Cola «жорығын» дәл осы Мексикадан бастаған. Алғашқы нарығын компания еш қиындықсыз жаулады, жергілікті әріптестермен жұмыс істеп, шөлмек толтыратын зауыттар ашты.

Мексикада бұл сусынның тез танымал болуының бірнеше себебі бар. Географиялық жақындық, көршілерге логистика жеңіл, оның үстіне америкалық мәдени ықпал танымал болып тұрды. Ақыры 1930-жылдары Мексикада Coca-Cola-ның жергілікті өндірісі дамып, халыққа қолжетімді етілді.

Салдарынан елде су тапшылығы басталды, өндіріс кеңейгені сонша, таза судың көп бөлігін өздеріне тартып отырған. Халық су орнына Coca-Cola тұтынатын деңгейге жетті. Осылайша, Мексика әлемде Coca-Cola ішуден көшбасшыға айналды. Қазір де ашық дереккөздерде әр мексикалық жылына 160 литр тәтті сусын ішетіні жайлы ақпараттар кезігеді.

Бір қарағанда бәрі жақсы, алайда тақырып денсаулық тұрғысынан келгенде проблемаға айналды. Мысалы, 2021 жылы Мексика халқының саны 127,6 млн болса, 14 млн адам қант диабеті бойынша тіркеуде тұрған. Бұл қазір де талқылаулар тудырып жатыр, салықтар енгізді, ақпараттық саясат жүргізді, алайда тұтыну көлемі айтарлықтай азаймауы мүмкін. Өйткені Coca-Cola компаниясы мексикалықтардың мәдениетіне сіңіп кеткенімен қоймай, экономикасына да көмегін тигізіп отыр, жүздеген зауыт салып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуда.

Қазақстандағы жағдай қалай?

Елімізде де қант диабетіне шалдыққандар саны үздіксіз артып жатқанын жасыра алмаймыз. Жыл сайын тізім 60-70 мың адаммен толығып отырады. Тіпті, ай сайын өсуде. Мәселен, 2024 жылдың 1 қазанында тізімде 516 564 адам болса, тура 2 айдан кейін (2024 жылғы 1 желтоқсан) тізім 522 224-ке жеткен. Оның 95 пайызы – II типтегілер.

Инфографика: Kazinform

Қант диабетінің өте қауіпті ауру саналатыны белгілі. Дерттің салдарынан өмірінің соңына дейін дәрі-дәрмек пен емге мұқтаж болып, он екі мүшесінің бірінен айырылып жатқандар да бар.

Науқастардың көбеюі салаға бөлінетін қаржыны да арттыруға мәжбүр етуде. Былтыр желтоқсанда Сенат депутаттары үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдап, қант диабетіне бөлінген қаржының есебін сұраған. Бектеновтің жауабында 2021 жылы қант диабетіне қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға 31 млрд теңге жұмсалғаны, ал 2024 жылы 56,3 млрд теңге болғаны жазылған. 2025 жылғы жоспар – 70 млрд теңге.

Қант диабетімен ауыратындардың үштен бірі - жастар

Біз байланысқан ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың бас эндокринологы Гүлмира Тұқсаитованың айтуынша, кейінгі онжылдықта Қазақстанда шынымен ағзасында көмірсу алмасуы бұзылып, II типтегі қант диабеті диагнозы қойылған адамдар көбейді. Жалпы әлем елдеріндегі үрдіс бойынша да жағдай – осы. Алдын ала диабет күйінде жүрген, артық салмағы бар, артериялық қысымы жоғары, холестерин және май фракциялары жоғары, физикалық белсенділігі төмен адамдар жетерлік.

Фото: Гүлмира Тұқсаитованың жеке мұрағатынан

 

– Қазіргі клиникалық зерттеулерге сүйенсек, әрбір он ересектің біреуі II типтегі қант диабетімен ауырады, ал он адамның екеуінде бұл дерттің белгілері бар, бірақ әлі диагноз қойылмаған. Өкінішке қарай, II типтегі қант диабеті жасарып келеді, қазір бұл диагнозбен тіркелгендердің шамамен 33%-ын балалар мен жастар құрайды. Себебі ретінде рафинадталған өнімдердің қолжетімділігін, фастфуд, тәтті газдалған сусындар және жоғары калориялы тағамдарды артық тұтынуды айта аламыз, – деді медицина ғылымының кандидаты.

Осы тұста сарапшыдан «Қазақстанда тәтті сусындар өндірісіне қатысты қатаң заңдар енгізілуге тиіс пе?» деп сұраған едік. Өз кезегінде Гүлмира Тұқсаитова бұндай шектеулер енгізу жауапты ведомстволардың шешіміне қатысты мәселе екенін жеткізді. Дегенмен халық денсаулығының келешегі үшін уәкілетті тұлғалар тақырыпты мемлекеттік деңгейде көтеруі қажет екенін жасырмады.

– Қазақстанда тәтті сусындарға қатысты қатаң заңдар мен салықтарды арттыру – олардың тұтынуын, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында азайтудың тиімді шарасы бола алады. Мұндай тәсілдің тиімділігі бірнеше елдерде дәлелденген. Мысалы, Мексика мен Ұлыбританияда «қант салығы» енгізілгеннен кейін тәтті газдалған сусындардың сатылымы азайып, денсаулыққа пайдалы балама өнімдерге сұраныс артты.

Бұл қалай жұмыс істейді дерсіз? Біріншіден, баға көтерілгенде тәтті сусындар әлеуметтік осал топтар үшін қолжетімсіз бола бастайды. Екіншіден, осал топтар ғана емес, қаржылық тұрғыдан тиімсіз екенін білген адамдар су, қантсыз шай, табиғи шырындар секілді пайдалы баламаларды іздейді. Үшіншіден, мемлекеттің бұл шаралары арқылы қоғамдық пікір өзгереді. Және ең соңғысы – мемлекеттік бюджетке қосымша түсім болады. Оны аурулардың алдын алу, ағарту, дұрыс тамақтануды насихаттауға жұмсай алады, – дейді бас эндокринолог.

Алайда бағаның көтерілуі жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені ақпараттандыру, құрамында қанты жоғары өнімдерді белгілеу, өндірушілерді денсаулыққа пайдалы өнімдер шығаруға ынталандыру да керек.

Осы тұста біз жастар арасында тәтті сусындар секілді жиі тұтынылатын энергетикалық сусындардың жайын да сұрастырдық. Кейде әлеуметтік желіде осы сусын әсерінен түрлі дертке шалдығып жатқандарды естиміз.

– Энергетикалық сусындарды жиі немесе шамадан тыс тұтынған жағдайда ағзаға елеулі зиян келтіруі мүмкін. Олар қант мөлшерінен бөлек, кофеин, таурин, гуарана және басқа да стимуляторлардан тұрады. Оның әсерінен жүрекке күш түседі, қан қысымы көтеріледі, қан тамырлары тарылып, қан айналымы нашарлайды. Бұл жағдайда тахикардия, аритмия сияқты жүрек ырғағының бұзылыстары болуы мүмкін. Әсіресе жүрек-қан тамыр ауруларына бейім адамдар мен жасөспірімдер үшін қауіпті. Жүрек ұстамалары бар адам шамадан тыс энергетик ішіп, физикалық жүктеме түсірсе, өлімге де әкелуі мүмкін, – деді Гүлмира Тұқсаитова.

Бұнымен қатар аталған сусынның бүйрекке, ағзаның сусыздануына, ұйқысыздыққа және стимуляторларға тәуелділікке соқтыратыны айтылды. Жаһанның көптеген елінде жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатпау тәрізді шектеулер бар. Былтыр Қазақстан да 21 жасқа толмағандар үшін бұл сусынды сатпайтын болды.

Ақпараттандыру дегеннен шығады, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағамдардың құрамында бос қант мөлшері қай деңгейде болатынын жариялаған. Алдымен оқырманға бос қант дегеніміз не екенін түсіндірейік. Бұл қант түрі шайға, тәттілерге, тәтті сусындарға, торттарға қосылады. Табиғи түрде бал мен жеміс шырындарында кездеседі. Бос қанттарға көкөніс пен жеміс-жидектің құрамындағы табиғи қанттар және сүт өнімдеріндегі табиғи лактоза ғана жатпайды.

Бос қант неге зиян? Сарапшылар оның артық салмаққа, тіс ауруларына, ең бастысы – қант диабеті мен жүрек-қан тамыр ауруларына соқтыру қаупі жоғары екенін айтады. Сондықтан бос қант мөлшерін күніне 6 шай қасықтан асырмау ұсынылған.

Инфографика: Kazinform

 

Салық енгізілсе, жұмыс қысқарып, инвестиция азая ма?

2021 жылы Қазақстанда тәтті сусындарға 15 пайыз қосымша салық енгізуді, 2025 жылы мөлшерін 45 пайызға жеткізу туралы мәселе көтерілген еді. Көріп отырмыз, акциз енгізілмеді, бұған елдегі тәтті сусын өндірушілері қарсылығының әсері тиген де болуы мүмкін.

«Еуразия энергетикалық сусындары» қауымдастығының төрағасы Ермек Шерияздановтың айтуынша, қосымша салық бастамасының тоқтатылуы – Үкіметтің дұрыс әрі маңызды шешімі болыпты.

Фото: Ермек Шерияздановтың жеке мұрағатынан

– Бұл шешім бизнестің дамуына мүмкіндік беріп, осы санаттағы тауарларға акциз енгізу идеясын алып тастады. Алайда қазір энергетикалық сусындарға салық салу мәселесі өткір тұр. Әлемнің кейбір елдерінде бұл шара дискриминациялық деп бағаланады, себебі энергетикалық сусындар мен тәтті сусындар арасындағы айырмашылық – тек кофеиннің мөлшері. Әйтпесе, энергетикалық сусындардағы кофеин мөлшері бір кесеге салынған шай не кофеге қарағанда шамамен 2,5 есе аз. Сондықтан энергетикалық сусын – лимонадпен тең өнім, – дейді кәсіпкер.

Шерияздановтың сөзінше, энергетикалық сусындарға акциз енгізу бизнеске елеулі соққы әкелуі мүмкін. Салық түсімдері азайып, жұмыс орындары қысқарады. Мемлекет тікелей инвестициядан қағылады. Мысалы, 2023–2024 жылдары Қазақстандағы энергетикалық сусын өндірісіне 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Қазіргі салық мөлшері сақталған жағдайда, 2025–2026 жылдары да осындай көлемде инвестиция күтілуде.

– Энергетикалық сусындарға акциз енгізілген жағдайда өндіріс 30%-ға қысқарып, өндірушілер мен дистрибьюторлар тарапынан жұмысшылардың 20%-ы қысқартылуы мүмкін. Шамамен 2,5 мың адам жұмыссыз қалады. Өндірісте жалақы қоры 7 млрд теңгеге, дистрибьюторларда 6,5 млрд теңгеге қысқарады, жалпы қысқару 13,5 млрд теңгені құрауы мүмкін.

Сонымен қатар, акциз енгізілген алғашқы жылдың өзінде бюджетке түсетін салық көлемі 6 млрд теңгеге азаяды. Келесі жылдары бұл көрсеткіш орта есеппен 20%-ға төмендейді. Сондықтан салық енгізу мәселесіне байыппен, жан-жақты қарап, қоғам, бизнес қауымдастық және мемлекеттік деңгейде кеңінен талқылау қажет, – деді «Еуразия энергетикалық сусындары» қауымдастығының төрағасы.

Кәсіпкер мұндай салық халықтың қант тұтынуын азайтуға әкелетіні туралы нақты ғылыми зерттеулер жеткіліксіз екенін алға тартты. Мысалы, ресейлік тәжірибеде адамдар тәтті сусындарды қант мөлшері одан да жоғары басқа өнімдермен алмастырған. Себебі қант адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет, сондықтан адам оны әртүрлі өнімдер арқылы бәрібір тұтынады.

– Қантты сусындар мен қант диабетінің, әсіресе II типті диабеттің пайда болуы арасындағы байланысқа қатысты мамандар «бұл аурудың 90%-ы генетикалық факторлар мен өмір салтына байланысты» деген. Артық салмақ, теңгерімсіз тамақтану, физикалық белсенділіктің төмендігі және жалпы салауатсыз өмір салты – бәрі бірге жүрек-қан тамырлары мен басқа да бейинфекциялық аурулардың даму қаупін арттырады. Негізгі қағида – тепе-теңдік: кез келген өнімді мөлшермен пайдалану және белсенді өмір салтын ұстану, – деп толықтырды Ермек Шериязданов.

Сондай-ақ төраға қауымдастыққа мүше барлық өндірушілер «Жауапты өндіруші кодексіне» қол қойғанын жеткізді. Бұл кодексте сусындардағы қант мөлшерін азайту міндеттемесі де бар. Мысалы, бөтелке көлемін кішірейту арқылы тұтыну мөлшерін де азайту.

– Өндірушілер өнімнің 100 мл-іне шаққандағы қант мөлшерін төмендетуде. Бұрын ол орта есеппен 12,5 г/100 мл болса, қазір бұл көрсеткіш 11 г-нан аспайды. Кейбір брендтер қантсыз немесе қант алмастырғыштармен дайындалған өнімдерді белсенді түрде ұсынып жатыр. Бұл – әлемдік тренд, қазақстандық өндірушілер де осы бағытты ұстануда.

Халық қантты ең алдымен шай немесе кофе ішкенде қасықпен қосып тұтынады. Екінші орында – тәтті кондитерлік өнімдер. Ал қантты сусындар тұтыну деңгейінде үшінші орында тұр. Энергетикалық сусындардың үлесі барлық қантты алкогольсіз сусындардың ішінде 5%-дан аспайды, – деп түйіндеді кәсіпкер.

Қорыта айтқанда, тақырып таразының екі басын тең тартып тұр. Бір жағында, халық саулығы, ол – адамдардың өз жауапкершілігіне де байланысты. Екінші жақта, экономикалық жайт, инвестиция, жұмыс орындары. Қосымша салық енгізіп, тұтыну көлемін азайту мүмкін бола қоймас, себебі бизнес соққы алып, мыңдаған адамдарды жұмысынан айыруы мүмкін. Тақырып түбінде медицина, бизнес пен үкімет тарапынан кең талқылануы керек екенін көрдік.