Тәтті сусындар бала миының дамуына кері әсер етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Калифорния университетінің қызметкерлері жасөспірім күніне бір құты газдалған сусын ішсе, есте сақтау қабілеті нашарлайды деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, тәтті сусындар олардың білім игеру қабілетіне де кері әсер етеді екен.

Бұдан басқа, газды сусын ішкен жасөспірімдер арасында семіру жиілеп, агрессиясы артады екен. Доктор Скотт Каноски: «тәтті сусынға қосылған тазартылған көмірсулар асқазанның метаболикалық бұзылуына әкелетіні құпия емес» екенін атап өтті.

«Ми жұмысының бұзылуына келсек, оның қызметі бәсеңдеп, қоршаған орта туралы маңызды ақпаратты есте сақтау қабілеті нашарлайды екен. Егер жасөспірім шақта газды сусынды көп ішсе, мұндай жағдайдан қашып құтыла алмайды екенсің».

Университет тәтті сусынға жүргізген тәжірибе аясында ересек тышқандар мен жасөспірім тышқандарды тестілеуден өткізді, деп хабарлады Meddaily. Нәтижесінде ересек тышқандар тәжірибе басталғаннан кейін бір ай өткен соң есте сақтау қызметіне жүргізілген тестте қалыпты нәтиже көрсетті. Ал балғын тышқандар жаңа ақпаратты нашар қабылдап, оны игеруі бәсеңдей түсті. Әрі олардың миының білім қабылдау мен есте сақтау қызметін бақылайтын аймағының қабынғаны байқалды.