Татьяна Ким Wildberries компаниясының бас директоры қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Алексей Куликов Wildberries компаниясының жаңа бас директоры болып тағайындалды. Ол Татьяна Кимнің орнына келді.

Фото: ТАСС

Тағайындау туралы ақпарат 21 қарашадағы Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен алынған үзіндіде көрсетілген. Бұл туралы ТАСС жазды.

— Татьяна Ким RWB тобының стратегиялық дамуына жетекшілік етуді жалғастырады, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар компания өкілдері «Вайлдберриз» 2024 жылдан бері RWB тобының құрамына кіретінін атап өтті. Операциялық қызмет RWB тобының негізгі компаниясына берілген.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, осы уақыт ішінде экожүйе қалыптасып, жаңа кәсіпорындар сатып алынған. Ал «Вайлдберриз» RWB тобының кейбір активтеріне иелік етуді жалғастырған. Сондықтан бас директордың ауысуы компанияның күнделікті жұмысына әсер етпейді.

Еске салайық, бұған дейін Wildberries-тің Алматыда салынып жатқан логистикалық орталығына қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлағанбыз.