«Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық берілмек
АСТАНА. KAZINFORM — «Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық берілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты.
— Геологиялық талдау сапасын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертхана кешені құрылып, ғылыми-технологиялық орталық ретінде қызмет атқаратын болады. Жобада зертханадан бөлек қор сақтау және керноқойма ғимараттары да қарастырылған. Бұл елімізде бірыңғай геологиялық деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарына Астана қаласынан 4 гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба құны — 14 миллиард теңге. Зертханалық кешенді 2028 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланған, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығын арттырып, инвестиция көлемінің жыл сайын өсуіне ықпал етіп отыр.
— Қазірде ірі инвестициялар геологиялық барлауда тәжірибесі мол «Тау-Кен Самұрық» компаниясы арқылы тартылып жатыр. Компания Fortescue, Esan сияқты ірі халықаралық серіктестерді тартып, 21 бірлескен кәсіпорын құрды. 72 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды және 8 кен орны зерттеліп, мемлекеттік балансқа алынды. Қазіргі уақытта бес пилоттық жоба — Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыс жүргізілуде. 2028 жылы бұл жобалар бойынша қорларды JORC стандартына сай есепке қою жоспарланған. Осыған орай мемлекет мүддесін қорғау үшін «Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылуда, — деді Иран Шархан.
Айта кетейік, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов
Бектенов Геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құрылысын 2026 жылы бастауды тапсырды.