«Тау-кен Самұрық Қазақстан» АҚ мен «Рио Тинто Майнинг энд Эксплорейшн Лимитед» компаниясы арасында біріккен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойылды

None
АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада өтіп жатқан минералдық ресурстар мен металургия жөніндегі 1-ші қазақстандық халықаралық конгресс аясында «Тау-кен Самұрық Қазақстан» «Ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ мен әлемдегі ірі халықаралық тау-кен өндіретін компаниялардың бірі «Рио Тинто Майнинг энд Эксплорейшн Лимитед» арасында

қатты пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі біріккен кәсіпорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Жоғарыда аталған қазақстандық компания басқармасының төрағасы Болат Святовтың атап өтуінше, кәсіпорын басымдық негізде, яғни қатысушылардың 50-де 50 пайыздық үлесімен құрылатын болады.

«Меморандумға сәйкес, «Тау-кен Самұрық» АҚ жерді пайдалану құқығын алу және жүзеге асыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ біріккен кәсіпорын талап өтуі мүмкін басқа да рұқсат беру құжаттарымен қамтамасыз етеді», деді ол.

Б.Святовтың айтуына қарағанда, шетелдік компания өзінің техникалық тәжірибесі және пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, өңдеу салаларындағы оң дағдыларымен бөліседі. Сондай-ақ «Рио Тинто Майнинг энд Эксплорейшн Лимитед» компаниясы құрылатын кәсіпорынға қоршаған ортаны қорғау, еңбек қорғау және техникалық қауіпсіздік салалары, маркетинг, алдыңғы қатарлы техникаларға қол жетімділік мәселелері бойынша көмек бермек.