Тау-кен және өңдеу өнеркәсібі секторына тартылған инвестиция артты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров былтыр ел экономикасының қай салаларына шетелдік инвестиция тартылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салалар бөлінісінде ең көп шетелдік инвестиция көлемі тау-кен өндіру өнеркәсібіне – 12,1 млрд доллар, өңдеу өнеркәсібіне – 5,6 млрд доллар, көтерме және бөлшек саудаға – 5,08 млрд доллар, кәсіби, ғылыми-техникалық қызметке – 1,1 млрд доллар, көлік және қойма – 1,1 млрд доллар, құрылыс – 700 млн доллар көлемінде бағытталды. Айта кету керек, 2005-2014 жылдар аралығында тікелей инвестициялар ағынының жалпы құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі орта есеппен 10%-дан аз болды. 2015-2022 жылдар кезеңінде өңдеу өнеркәсібіне инвестициялардың орташа үлесі екі есеге жуық өсіп, 18,7%-ға жетті», - деді министрдің орынбасары.

Алмас Айдаров шетелден инвестиция тарту бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұрғанына да тоқталды. Оның сөзінше, былтыр инвесторлар елімізге 28 млрд долларға жуық қаражат бағыттаған.