Тау-тасты кезген ескі көліктер: 30 елден жиналған автоэкспедиция қатысушылары Өскеменге келді

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Чехия астанасы Прагада басталған «Mongol Rally» халықаралық автоэкспедициясы Өскеменде аяқталды.

13 шілдеде Прагадан жолға шыққан автоэкспедиция қатысушылары 10 мың шақырымнан астам жол жүріп, ондаған елді басып өтті. Бұл марафонның басты ерекшелігі — техникаға қойылатын талаптарда. Әр автокөлік 30 жылдан ескі, шағын көлемді және алыс сапарларға жарамсыз болуы тиіс. Қатысушылар GPS пен ұйымдастырушылардың көмегінсіз жолсыз жерлерді, шөл мен тауды өз күштерімен еңсеріп шықты.

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Автоэкспедицияға Еуропа, АҚШ, Канада, Австралия мен Пуэрто-Рико сынды 30 елден келген 100-ден астам команда қатысты. Жолда техникалық ақауларға байланысты кейбірі межелі жерге жете алмады.

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Осылайша, Өскеменге шамамен 80 команда келіп жетіп, шаһар тұрғындары ерекше әсерлі финалдың куәсі болды.

— Қатысушылар үшін бұл жай ғана спорт емес, нағыз рухани экспедиция. Ал Өскемен үшін — өзін әлемдік деңгейде танытып, өңірдің сұлулығын көрсетуге зор мүмкіндік, — деді ШҚО Туристік ақпарат орталығы басшысының орынбасары Талғат Дәулетов.

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Айта кетейік, автошеру барысында жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталмақ.

— Қатысушылардың басым бөлігі — Ұлыбританиядан. 273 адамның 82-сі сол елден. Біз Лондоннан келіп, Шығыс Қазақстан сияқты әсем өңірге жеткенімізге қуаныштымыз. Бұл нағыз шытырманға толы сапар болды. Біздің көліктер — әсбен ескіркен, тот басқан, әрі мотор дауысы қатты шығады. Бірақ әрбір шақырым ұмытылмастай есте қалды, — дейді британдық қатысушылардың бірі.

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Еске салсақ, Мәскеуден шыққан туристік-танымдық экспедиция Қызылордаға келгенін жазғанбыз.