Тауар бағасы тек ұлттық валютамен көрсетілуі тиіс – Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев дүкендегі кез келген тауардың бағасы ұлттық валютамен көрсетілуі тиістігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде және бұқаралық ақпарат құралдарында елордадағы сауда орындарының бірінде азық-түлік бағасы теңгемен емес рубльмен көрсетілгені туралы ақпарат тараған болатын.

Бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрге осыған қатысты сауал қойған еді.

«Арнайы қадағаламаймыз. Егер мұндай жайт орын алса, онда мән-жайды анықтайық. Дегенмен, қателік болған сияқты. Біздің ұлттық валютамыз – теңге. Барлық баға, тауардың құны ұлттық валютамен көрсетілуі тиіс. Егер мұндай факті орын алса, онда ол - заңсыздық», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар ол валюталық реттеу Ұлттық банктің құзіретіне кіретіндігін айтты.

«Бірақ, бәріміз де патриот болуымыз, заңды сақтауымыз қажет. Заңға сәйкес, ұлттық валютамыз – теңге. Егер мұндай фактілер (тауар бағасы өзге елдің валютасында көрсетілсе) болса, мұндай заңсыз барлық әрекетті, оның ішінде сол дүкеннің қызметкерлерінің әрекетін тиямыз», - деді Қаржы министрі.