Тауар биржалары отандық бизнесті жыл сайын 1 трлн теңгеден қағып отыр – Премьер

Фото: Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тауар биржаларына мемлекет артқан сенімнің ақталмағанын айтып, саладағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазіргі таңда Қазақстанда астық, мұнай өнімдері, көмір және басқа да тауарлардың сауда-саттығын жасайтын 10 тауар биржасы бар. Біз биржалық саудаға үлкен үміт артып келдік. Соңғы 5 жылда заңнама 2 рет өзгерді. Соған қарамастан, биржалар әлі күнге дейін нарықтағы өз қызметін толықтай орындай алған жоқ», – деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Ә. Смайылов жер қойнауын пайдаланушылардың тауар биржаларын өз мүдделеріне қарай пайдаланып кеткенін атап өтті.

«Бүгінде биржалық сауданың негізгі бөлігі жергілікті қамтуды сақтау туралы міндеттемелері жоқ мәмілелерге қызмет көрсетуге бағытталған. Салдарынан жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат біздің бизнеске жетпей қалады. Бұлай болмауы керек. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары ел мүддесіне жұмыс істеуі тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Премьердің айтуынша, тауар биржалары микрокәсіпкерлік нысанына жатқызылғандықтан салықты аз төлеп, тексерулерден оңай құтылып отыр.

«Жалпы, анықталған кемшіліктердің барлығы жаңа заңнама шеңберінде жойылуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.