Тауар мен қызмет түрлерін сатып алуда қазақстандық үлесті арттыру ең алдымен ынтымақтастық үшін керек

ong>. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Үкіметтің тауар мен қызмет түрлерін сатып алу кезінде жергілікті үлесті арттыру туралы талабын қысым деп қарауға болмайды.

Ол ең алдымен компаниялардың өзіне керек. Бұл  туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан 17-ші қазақстандық халықаралық «Мұнай  және газ» конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға сервистік қызмет көрсететін  біздің халықаралық компанияның құрылғанына  өткен жылы 150 жыл толды. Әлемнің әр қиырында 40  мыңнан астам қызметкері бар  компания Қазақстандағы өз қызметін 1998 жылдан бері жүргізіп келе жатыр.  Онда жұмыс жасайтын  363 адамның 80 пайызы  жергілікті мамандар.  Бас кеңсеміз Атырауда, ал  өндірістік кеңселеріміз Ақтау,  Ақтөбе, Қызылорда және  Астана қалаларында орналасқан. Қазір ең көкейтесті  тақырып болып отырған тауар мен қызмет түрлеріндегі жергілікті үлес мәселесі  бірнеше жылдан бері тақыланып келе жатқанымен,  тек бүгін ғана алғашқы қадамдар жасалуда. Жақында Астанада өткен конференция кезінде Норвегиядағы жергілікті үлестің тарихы 1958 жылдан басталатыны туралы айтылды. Жалпы бұл шара ең алдымен ынтымақтастық үшін қажет. Компаниялар келісім-шарттағы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда оны бұзып, қайта жасау дұрыс шара», дейді Baker Huqhes компаниясының Солтүстік-Каспий аймағындағы үкіметпен байланыс жөніндегі менеджері Алмагүл Мерғалиева. Оның айтуынша, олар соңғы бес жылда мемлекеттік бюджетке корпоративтік салық түрінде 7 миллион доллар түсірген. Сондай-ақ 7 миллион долларды кедендік алымдарға төлеп,   тауар мен қызмет түрлерін  сатып алудағы жергілікті үлеске 20 миллион доллар жұмсап отыр.

«Былтыр біз жергілікті үлесті арттыруда  5 миллион долларға тауарлар, 20 миллион долларға қызмет түрлерін сатып алдық.   Мәселен Қарашығанақ кенішіне бұрғылау қоспасын жасайтын зауыттың құрал-жабдықтарының   90 пайызы Ақсай қаласында өндірілген отандық өнімдер. Қазір бізде  мұндай тағы бірнеше жобалар бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Оның нәтижесі туралы айту әзірге ерте. Әйтсе де болашақта олар  Қазақстанда жасалған деп батыл айтуға болатын жобалар болады», деді Алмагүл Мерғалиева. Компания бүгінгі таңда  ынтымақтастық туралы Меморандум жасайық деген ниетпен  Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әкімшіліктерімен  жұмыс жасап жатқан көрінеді. Олардың   бұл бастамасына таңданыс білдірген әкімшілік қызметкерлері бұған дейін компанияларға өздері ұсыныс жасап, келісімге келуге үгіттеп келгенін жасыра алмады. А. Мерғалиеваның пайымдауынше, жергілікті үлесті арттыру кезінде нарыққа талдау жүргізудің маңызы зор. Өйткені қажетті тауар мен қызмет түрлерін жергілікті өндірісшілерден сатып алу компанияларға да, үкіметке де тиімді. Бұл өз кезегінде  ынтымақтастықты нығайтып, бизнестің тиімділігін арттыруға да зор  ықпал жасайды.