Тауардың жарнамадағы бағасы мен дүкендегі бағасы арасында айырмашылық болса, не істеу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Тауарларды жарнамалағанда бір баға көрсетіліп, ал сатып алушыға дүкенге келгенде басқа баға айтса, тұтынушы құзырлы органға жүгініп құқығын қорғай алады.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Соңғы уақытта жарнамада көрсетілген бағамен дүкендегі нақты баға арасында нақты баға айырмашылық байқалады. Жарнамада баға арзандау көрсетілгенімен сату кезінде баға едәуір жоғары болып шығатын жағдайлар жиілеп кетті. Осы олқылықтың алдын алу және жарнамадағы бағаның шынайылығын қамтамасыз ету үшін қандай бақылау және реттеу тетіктері қарастырылған» деген сауал қойылды.
Сұраққа Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашев жауап берді.
- Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жалған жарнамаға қатысты Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексте 157-ші бап бар. Өткен жылдың басына дейін бұл мәселе салық органдарының құзыретінде болды, олар жұмысты дұрыс атқармағаннан кейін бізге берілді. Бүгінде біз жергілікті органдарға тапсырмаларды жолдадық, осы секілді мәселе туындап жатса, жергілікті департаментке арыздануға болады. Бұл жалған жарнама болып саналады, арыздың қасында дәлелдейтін материалдар, яғни фото, видео дәлелдемелерді қосып жіберуге болады, - дейді Сауда және интеграция министрлігінің өкілі.
Оның айтуынша, факті расталған жағдайда Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексі аясында шара қолданады.
Айта кетейік, жыл басынан бері 2,2 млрд теңгеге тұтынушылардың құқығы қорғалды.