Тауарды таңбалаудағы цифрлық код бағасы қанша болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тауарға арналған таңбалау кодын жапсырудың шекті бағасын Үкімет бекітеді. Бұл туралы бүгін "Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау" халықаралық форумында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тауарды таңбалаудағы цифрлық код бағасы сезімтал мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға таңбалаудағы цифрлық код бағасының шекті көлемін айқындау бойынша ҚР Үкіметіне өкілеттік беру бөлігіне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді министр.

Оның айтуынша, шығарылған тауарға арналған таңбалау кодын жапсыру бағасы ілкі жоба жүргізудің қорытындысы бойынша анықталады. Бағаны анықтау барысында өндірістің ерекшеліктері ескеріледі.

«Оны айқындаудың негізгі факторлары мыналар: өндіріс көлемі, өндірістік жарақтандырылу деңгейі, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобына жатқызылуы. Таңбалау кодының шекті бағасын есептеу шекті бағаны есептеу әдістемесі негізінде жүзеге асырылады. Таңбалау кодының нақты бағасы Үкімет тарапынан бекітіледі» ,- деді Жеңіс Қасымбек.