Тауарларды террористердің пайдалануына жол бермеу үшін ЕурАзЭҚ аясындағы келісімінің күші жойылады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында «Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімінің күшін жою туралы» заң жобасы мақұлданды.

Келісімнің күшін жою қажеттілігі қосарланған мақсаттағы тауарлардың ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің аумағы арқылы қозғалысы кезінде трансшекаралық бақылаудың болмауынан туындап отыр. Ал мұндай бақылаудың болмауы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екеніне және ондай тауарларды террористік әрекеттерге пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан қауіпті болатынына назар аударылады. Сонымен қатар, келісімнің күші қару-жарақ пен әскери техникаға, сондай-ақ әскери мақсаттағы өзге де өнімдерге қатысты сыртқы экономикалық қызметтерге қолданылмайтын болады. «Айта кетерлігі, бұл келісім Кеден Одағы құрылмай тұрып қабылданған болатын әрі бүгінгі күні іс жүзінде жұмыс істемейді. Сонымен қатар, экспорттық бақылауға жататын тауарларды террористердің жаппай қырып-жою қару-жарақтарын, қарапайым қаруларды дайындау үшін пайдалану мүмкіндігін ескерсек, құжаттың күшін жою маңызды. Әлемде террористік және экстремистік әрекеттердің өзектілігіне байланысты тауарлардың бақылаусыз Қазақстан аумағына өтіп кетпеуін қамтамасыз ету біздің ұлттық қауіпсіздігіміз тұрғысынан да аса өзекті», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Кеден Одағы мемлекеттерінің аясында келісімшарттық құқықтық базалар қалыптастыру негізінде тауарлардың экспорттық бақылауына арналған құжаттар әзірленіп жатыр.