Тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру үшін отандық тауар өндірушілер мен тұтынушыларды қорғау жөніндегі өзара теңгерім айқындалады

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру үшін отандық тауар өндірушілер мен өнімді тұтынушыларды қорғау жөніндегі өзара теңгерім айқындалады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен кеңесте ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев айтты.

Әлеуметтік маңызды тауарларды өндірушілердің өнімін алыпсатарлардан айналып өтіп, тұтынушыларға жеткізу тетіктерін анықтау шаралары қаралып жатқанын жеткізген ол, ірі тауарлар өндірушілермен кеше арнайы кездесу өткізілгенін, сондай-ақ олармен өнім бағасын тұрақты ұстау тұрғысындағы тиісті мәселелер талқыланғанын айтып өтті. А. Қазыбаевтың сөзіне қарағанда, егер де өнім өндірушілер баға өсімі ахуалын игере алмаса, онда импорт бағытына бетбұрыс жасау амалы қаралатын болады. «Сондықтан да қазіргі кезде біз отандық тауар өндірушілермен қатар өнімді тұтынушыларды қорғау бойынша өзара теңгерімді айқындауымыз қажет», - деп атап өтті комитет басшысы.

10 айдың қорытындысы бойынша, азық-түлік тауарлары аясында инфляция 7 пайыздан астам көрсеткішті құрады. Атап айтқанда, 6-8 пайыз дәлізіндегі жалпы инфляцияны ұстап қалу үшін, жыл қорытындысы бойынша біз азық-түлік тауарлары тұрғысындағы инфляцияны 9,4 пайыздан асырмауымыз қажет.

«Аталған инфляция дәлізін асырмау үшін біз әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын төмендетіп, тұрақты ұстауымыз керек. Мәселен, нан, қант, күнбағыс майы, сүт, ет өнімдері бойынша бағаның түсуі 5-10 теңгені құраса, бұл өз кезегінде сәйкесінше азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуіне әсер етеді. Себебі, осы тауарлар инфляцияның азық-түлік себетінде басымдықты дәрежеде тұр», - деді А. Қазыбаев.