Тауарлық газ бағасы қымбаттайды, себебі не – сарапшы пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде газдың арзан өндірісі дәуірі аяқталып келеді. Бұл жайында Энергетика министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Олжас Байділдинов айтты.

Фото: Bloomberg

«Бұл табиғи газ бағасының алғашқы әрі соңғы көтерілуі емес. Оның бағасы шығынға батырып жатыр. «ҚазақГаз» ұлттық операторы көгілдір отынды біршама жоғары бағамен сатып алып, газ таратушы ұйым – «Қазтрансгазға» текше метріне 11 мың теңге төмен бағамен сатады. Демек, ақша жоғалтып отыр деген сөз», - деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, елімізде табиғи газдың өзіндік құны қымбат. Өйткені, елімізде өндірілетін газдың 85 пайызы үш ірі жобаға Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанға тиесілі. Ал олар таза отандық жоба емес екендігі белгілі.

«Олар қазақстандық жоба емес. Әрине, баға формуласы бар. Ол доллар бағамы мен аталған тауардың өзіндік құнына байланысты. Содан жоғары баға шығып отыр. Бұған қоса, бұл тауардың өзіндік құны өте жоғары екендігі де түсінікті. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан энергия тасымалдаушы, оның ішінде табиғи газ бағасы өте арзан ТОП-10 ел қатарына үнемі кіреді. Өткен жылы жария еткен есептеуіме сәйкес, табиғи газ бағасы халық үшін шамамен үш есе өседі. Соған дайын болуымыз қажет», - деді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан газ державасы саналмайды әрі көгілдір отын қоры бойынша әлемде шамамен 30-орында тұр.

«Жалпы, мұнай өндіру жанар-жағармай мен отын бағасын белгілі бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік бергенімен табиғи газға қатысты ахуал мүлдем басқа. Бағаның бұл көтерілуі көгілдір отынды үнемдеуді үйренуге де бағытталып отыр», - деді Олжас Байділдинов.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін еліміздің Энергетика министрлігі тауарлық газдың көтерме шекті бағасын 1 шілдеден бастап қымбаттатылған бағамен бекіткен еді.