- Мемлекет басшысының газ өңдеу қуатын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Қашаған кен орнында екі газ өңдеу зауытын салу бойынша стратегиялық жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл жобаларды жүзеге асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жыл сайын шамамен 2,5 млрд текше метр тауарлық газды, шамамен 400 мың тонна сұйытылған мұнай газын, 17 мың тонна композитті тұрақты газ өнімін, шамамен 760 мың тонна түйіршіктелген күкіртті өндіруге мүмкіндік береді, - деді Қ. Тұтқышбаев.
Оның айтуынша, қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр Газ өңдеу зауыты жобасы аясында құрылыс алаңына шамамен 1 500 адам және 300-ден астам техника жұмылдырылған. Жалпы жеткізілу көлемінің 95%-ын құрайтын 900-ден астам жабдық жеткізілді. Нысанда негізгі конструкциялардың құрылысын, жабдықтарды монтаждау және коммуналдық инфрақұрылымды жүргізу сияқты іс-шараларды қамтитын бірқатар кешенді құрылыс және технологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр, қажетті сынақтар кезең-кезеңімен өткізілді.
- Сонымен қатар, бүгінгі күні іргетастарды, металл конструкцияларын, механикалық жабдықтарды, резервуарларды және жер асты құбырларын орнату бойынша бетон құю жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс-монтаждық жұмыстардың жалпы барысы 30%-дан астам, ал EPC жалпы барысы 55%-ды құрайды. Барлық құрылыс әрі механикалық жұмыстардың аяқталуы және нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған, - деді вице-министр.
Бұдан бөлек, қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр Газ өңдеу зауыты жобасы үшін pre-FEED кезеңі 100% аяқталды. Қазіргі уақытта жобаның келісімшарт стратегиясына қатысты тәсілдер Катарлық серіктес UCC Holding компаниясымен әзірленіп жатыр.
- Осылайша, жоғарыда көрсетілген газ өңдеу қуаттарын енгізуді ескере отырып, тауарлық газ өндіру 2032 жылға қарай жылына 32,3 млрд текше метрге дейін артады, - деді ол.
Бұған дейін төртінші мұнай өңдеу зауыты нақты салынатыны мәлім болды.