Тауарлық газды тиімсіз пайдалану энергетикалық және экономикалық тәуекелдерге әкелуі мүмкін - Жаңбыршин

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Тауарлық газды тиімсіз пайдалану энергетикалық және экономикалық тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

- Бүгінгі таңда газ саласы Қазақстан үшін бір мезгілде үш маңызды міндетті атқарып отыр. Біріншіден, тауарлық газ — шектеулі әрі стратегиялық ресурс, оны тиімсіз пайдалану болашақта энергетикалық және экономикалық тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда елімізде газдың ресурстық базасы шамамен 3,8 трлн текше метрді құрайды. ал жылдық өндіру көлемі 60 млрд текше метрдің айналасында, - деді Еділ Жаңбыршин газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасын таныстыра келе.

Оның айтуынша, екіншіден, елімізде газ көмірге қарағанда экологиялық тұрғыдан анағұрлым таза энергия көзі ретінде климаттық күн тәртібіндегі міндеттерді орындауда маңызды рөл атқарады.

- Үшіншіден, бұл — елді газдандыру арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және өңірлер арасындағы әлеуметтік теңгерімді қамтамасыз ету құралы. Газдың жылдық өндіру көрсеткіштер сырттай жеткілікті көрінгенімен, бүгінгі күні мемлекеттің ішкі тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрге жетті. Қазіргі таңда елімізді газдандыру деңгейі 64,2 пайызды құрап отыр, - деді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, соңғы жылдары елімізде газ тұтыну көлемі қарқынды өсіп келеді. Бұл үрдіс, бір жағынан, газдандыру саясатының нәтижесі болса, екінші жағынан тауарлық газды үнемді және жауапты пайдалану мәселесін күн тәртібіне өткір қойып отыр.

- Мемлекет басшысы атап өткендей, энергия ресурстарының қолжетімділігі оларды бей-берекет тұтынуға негіз болмауы тиіс. Керісінше, дәл осы кезеңде энергия тиімділігі мен үнемшілдік қағидаттары мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашы болды. Аталған заң жобасы газ саласындағы жинақталған жүйелік теңгерімсіздіктерді жоюға, реттеудің тиімділігін арттыруға және елдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, тауарлық газды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жеке және коммуналдық тұтынушылар үшін сараланған тариф саясатын құруға бағытталған заң жобасына қатысты Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.