Тауарлық газға арналған «әлеуметтік әмиян» газдандырылған өңірлердің бәріне таратылады
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында тауарлық газға арналған «әлеуметтік әмиян» жобасы газдандырылған өңірлердің бәріне таратылатынын мәлім етті.
— Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында мемлекеттік атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушыларға тауарлық газға ваучерлер ұсыну қызметін көрсету үшін «әлеуметтік әмиян» пилоттық цифрлық жобасы енгізілді. Бұл жоба тауарлық газ бағасының өсуі жағдайында халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған. Пилоттық жоба іске қосылған сәттен бастап бұл қызметті 9,4 мың абонент пайдаланды. 24%-ға дейінгі жеңілдікпен, 23,5 млн теңгеге 2,9 млн текше метр газды тұтынылды. Осы көмекке жоғары сұраныс бар екенін ескерсек, оны ел бойынша одан әрі масштабтау қажет. Бұл пилоттық жоба 2025 жылдың сәуір айының соңында аяқталады. Осыған байланысты пилоттық жобаның мерзімін 30 маусымға дейін ұзарту, кейіннен еліміздің барлық газдандырылған өңірлеріне 1 жыл мерзімге масштабтау туралы мәселе пысықталуда, — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ, министр тауарлық газды ішкі нарықтағы шекті көтерме бағасы 5 жыл мерзімге бекітілетінін айтты.
— Бүгінгі таңда халыққа 1 мың текше метр газ өткізу үшін тауарлық газдың орташа шекті көтерме бағасы текше метріне 23 646 теңге мөлшерінде. Ұлттық оператор 10 096 теңгесін субсидиялайды, — деді ол.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді.