Таудағы тазалыққа жауап беретін құс: Алматы облысында сақалтай видеоға түсіп қалды

Фото: Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи парк инспекторлары Қазақстанның Қызыл кітабына енген сақалтайды кездестірді.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстың видеосымен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті әлеуметтік желіде бөлісті. 

«Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында инспекторлар рейд барысында сақалтайды кездестірді. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына 3-ші санат бойынша енгізілген. Бұл жыртқыш құстардың ең ірі түрлерінің бірі, салмағы 6 келіге дейін жетеді, ал қанаттарының құлашы 275 см», — деп хабарлады комитеттен.

Сақалтай — қозықұмай, көкжөре секілді күндізгі жыртқыш құстар отрядының қаршыға тұқымдасына жататын ірі құс. Ол Жетісу, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньда, Алтайда кездеседі. Теңіз деңгейінен 2000-4000 метр биіктіктегі шың-құздарды мекендейді. Ұясын таудың жартасты-құзды жерлеріне салады.

Ақсу-Жабағылы және Алматы таулы қорықтарында 20 шақтысы қорғауға алынған.

Осыған дейін Шарын ұлттық парк инспекторлары «Түркістан сілеусінін» фотоға түсіріп алған еді.