Тәуекел-менеджері лауазымын енгізген компаниялар саны 2011 жылы 20 пайызға ұлғаяды

АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазіргі таңда компаниялардың басым бөлігі тәуекел-менеджері лауазымын енгізіп отыр.

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан "Дағдарыстан кейінгі корпоративтік басқару: жай-күйі мен келешегі" деп аталатын Корпоративтік басқару жөніндегі ІІІ Орталық Азиялық саммитте жан-жақты сөз болды.

«KPMG пен Economist Intelligence Unit Қазақстан мен Ресейдегі 100 жетекші компаниядағы тәуекелді басқарудағы қазіргі тәжірибе мен әдіске зерттеу жүргізді. Олардың 50 пайызы жылдық айналымы 1 миллиард доллардан құрайтын бизнесі орнықты және өз салаларындағы көшбасшылар. Сауалнамада респонденттердің 60 пайыздан астамы қазірдің өзінде тәуекел-менеджері лауазымын енгізгендерін, 20 пайыздан астамы оны 2011 жылы енгізгелі отырғанын айтып отыр. Ал 30 пайыздан астамы өздерінің ұйымдық құрылымдарында Тәуекелді басқару жөніндегі директорлар кеңесі комитетін атап өтті», - деді «Қазақстан қор биржасы» АҚ-ның Тәуелсіз директоры Жанат Бердалина.

Оның айтуынша, сауалнамаға қатысқан компаниялардың 50 пайызға жуығында тәуекелді басқару үдерісін қолдау мен ұйымдастыру тәуекел-менеджерлеріне жүктелген. Тәуекелді басқаруды ұйымдастыру үрдісіне компаниялардың 18 пайызында Ішкі аудит басшысы, 12 пайызында бас директор жауап беретіні анықталып отыр. Ал тәуекел-менеджерлерінің 24 пайызы формальды түрде бас директорға, функционалды жағдайда Директорлар кеңесінің Аудит жөніндегі комитеті мен компанимялардың негізгі акционерлеріне бағынады.