Тәуекелдерді жоғарылатпай Ұлттық қор қаржысын пайдалану керек - Ү.Шаяхметова

АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Тәуекелдерді жоғарылатпай Ұлттық қор қаржысын пайдалану керек. Бұл пікірді бүгін елордада өтіп жатқан «Эксперт-100-Қазақстан» атты ірі бизнестің  4-інші экономикалық форумында «Қазақстан халық банкі» АҚ басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова білдірді.

Оның атап өтуінше, елімізде кәсіпкерлерге берілетін несиенің орташа ставкасы 10-15 пайыз болып отыр. Бұл көршілес елдердегі ставкадан тым жоғары. «Менің ұсынысым, біздерге ұлттық экономиканы қаржыландырудың тиімділігін қалай арттыруға болатындығын, тәуекелдерді жоғарылатпай Ұлттық қор қаржысын қалай пайдалану керектігін түсініп, нақты қадамдар жасауымыз керек», - деді банк төрайымы.

Г.Шаяхметованың сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстан шетелге 50 млрд. доллардан астам инвестиция құйып, соның арқасында жылына шамамен 1 млрд. доллар табыс табуда. Дегенмен біздің компаниялар мен басқа да заемшілердің сыртқы қарыздарын өтеуге одан да көп қаржы жұмсауда.

«Біз әркезде де сіздерде несие мөлшерлемесі неге қымбат деген сауалға тап боламыз. Бізге оларды қалай арзандатып, ұзақ әрі арзан қорландыруды қамтамасыз етуге болады? Қазақстанның мол қаржы ресурстары бар. Бұл - Ұлттық қордың мол резерві, 20 млрд. доллардан астам қаржыға ие зейнетақы жүйесі, банк жүйесі және «Самұрық-Қазына» қоры. Алайда осы барлық қаржыны тиімді қолдану менің пайымымша жеткіліксіз болып отыр», - деді Г.Шаяхметова.