Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ - Н. Назарбаев

Астана. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Бүгін Астанада Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиын барысында Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Қазақстан біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қасиетті мекенде өмір сүріп, өркен жайды. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонайжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз. Мынау жаһандану дәуірі - көпұлтты мемлекеттер дәуірі болмақ. Жалғыз ұлттың мемлекеті деген болмайды. Бұл әлемдік үрдіс», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірігіп үлес қосқанына тоқталды.

«Ендеше Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақстандықтың басты қағидаты болуы шарт», - деді Н.Назарбаев.