Айта кетейік, кітапқа енетін шығармаларды іріктеуде, оларды орыс тіліне аударып, көркем әрі сапалы етіп шығаруда белгілі қазақстандық түркітанушы ғалым, жазушы Немат Келімбетов атындағы қор зор қолдау көрсетті.
Антологияның «Домбыра мен бесік» деп аталатын алғашқы томы балалар әдебиетіне арналады. Мұнда жарық көрген ертегілер, жұмбақтар, әңгімелер, повестер өмірдің үлкен құндылықтары - қайырымдылық, сүйіспеншілік, адамдарға, табиғатқа деген мейірімділік бастауларына үндейді. Қазақстандағы түрлі этностардың авторларын бүлдіршіндер мен жасөспірім оқырмандарға деген шынайы ықыластары біріктіреді.
Ал «Жусан иісті жұмақ өлке» атты екініш томға қырықтан астам көрнекті прозашылардың шығармалары енген. Олардың соңғы онжылдықта жазған повестері, әңгімелері, эсселері көпұлтты Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстыра отырып, адамзат болмысының мәңгілік мәселелері - махаббат пен азап, даналық пен батырлық, сенім мен сатқындық, жауыздық пен қайырымдылық тақырыптарын арқау етеді.
Поэзияға арналған «Ғасырларға жол тартқан жақұт жырлар» деп аталатын үшінші томында сексеннен астам ақындарының өлең-жырлары ұсынылған. Олардың арасында Қазақстан туған отанына айналған басқа ұлт өкілдері де бар. Жинақта табиғат лирикасы, сұлулыққа іңкәрлік, махаббат пен достық жырлары кеңінен қамтылған. Өлеңдердің көпшілігі орыс тіліне алғаш рет аударылып отыр, деп жазады qazaq-alemi.kz.