«Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің рөлі» - Алматыдағы дөңгелек үстел

АЛМАТЫ. 1 шілде. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстан гендерлік саясат бойынша көптеген елдердің алдында келеді, оның ішінде кейбір Еуропа елдерінің көш басында тұр. Бұл туралы бүгін Алматыда «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің рөлі» атты дөңгелек үстелде айтылды.

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, профессор Гүлназ Ахметованың айтуынша, жасампаздық пен атаулы оқиғаларға толы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы экономикада, саясатта, бизнесте, мәдениетте көшбасшы әйелдердің қалыптасуына үлкен ықпал етті. "Бүгінде нәзік жандылар өкілі ҚР Парламентті депутатары арасында, министрлік пен жергілікті атқарушы органдарының жетекшілігінде бар. Дегенмен, Қазақстанда әйелдер шешім қабылдаушы орындарда аз. Бүгінде әйелдердің көпшілігіне, олардың ұмтылысына қарамастан билікке жетуі оңай емес. Әйелдерге саяси еркіндік керек",-деді ол.

Оның айтуынша, әйелдер қандай жағдайда болмасын, «отбасы-ошақ қасы» мәселесін ұмытпаулары қажет.

Бас қосуға қатысқан әйелдердің пікірінше, көшбасшы бола білген әйел екі жақты да қатар алып жүре білуі керек. Олардың пікірінше, әйел - ел болашағының тәрбиешісі. "Қоғамда орын алып жатқан нашақорлық, балалар өлімі, жасөспірімдер арасындағы суицид сынды мәселелердің алдын алу отбасыдан басталады",-дейді дөңгелек үстелге қатысушылар.

Аталмыш шара қала әкімдігі мен Алматы қаласының Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті.

Шараның мақсаты - әйелдер қауымының 20 жыл ішіндегі мемлекеттілігімізді нығайтудағы атқарған істері мен жетістіктерін саралау, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуға ынталарын арттыру болып табылады.

Дөңгелек үстелге Алматының көшбасшы-әйелдері - Бостандық ауданының әкімі Зәуреш Аманжолова, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаева, ҚР Ұлттық кітапхананың Бас директоры Гүлиса Балабекова, маслихат депутаты, ҚР Тұтынушылар Ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская және қаланың басқа да танымал әйелдері қатысты.