Тәуелсіз сараптау комиссиясы Атбасардағы су тасқынынан келген шығынды бағалауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз сараптау комиссиясы шығынды бағалау үшін Атбасардағы 429 үйді аралады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Атбасар ауданында шығынды бағалау бойынша тәуелсіз сараптау комиссиясы үйлерді тексеріп жатыр. Қазіргі таңда тұрғындардан 581 өтініш, соның 460-ы Атбасар қаласынан келіп түскен. Тәуелсіз сараптау комиссиясы 429 үйді тексеріп, Атбасар қаласындағы 331 үйдің, Покровка ауылындағы 32 үйдің, Садовый ауылындағы 3 үйдің апаттық жағдайда тұрғанын мәлімдеді. 133 үйге (Атбасардағы 109, ауылдардағы 24) жөндеу жұмыстарын қажет деп тапты.

Ауданда су тасқынынан зардап шегушілерге құқықтық көмек көрсететін заң тобы жұмыс жасайды.



Степное ауылында су тасқынынан зардап шегушілер үшін көппәтерлі тұрғын үйлер салуға арналған 80 гектар жерге мөлтекаудан құрылысының жобасы жасалды.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетілуде. Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы шотына 18 миллион теңге түскен. Қаражат жинау жалғасып жатыр.