Тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасуына лайықты үлесімізді қосамыз және бізге артқан сеніміңізді ақтаймыз - Президент поштасынан

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан өңірлеріндегі жастар ұйымдарынан хаттар көптеп келіп түсуде, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Өз хатында ««Кәсіп.kz» техникалық және кәсіби білім ұйымы республикалық жастар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Президентке Қазақстан жастарына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтады.

«2012 жылғы сәуірде «Кәсіп.kz» қоғамдық бірлестігінің алғашқы республикалық слеті болып өтті. Сол күні Қазақстан елордасында Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы өтіп жатуының символдық мәні бар. Осы маңызды шараны қостаған слетке қатысушылар техникалық және кәсіби білім мекемелерінің оқушылары елді индустрияландыру ісіне нақты үлестерін қосу қажеттігі туралы айтты», - делінген хатта.

«Кәсіп.kz» бірлестігінің мүшелері индустриялық-инновациялық даму жолын таңдаған Қазақстанда бүгінде жұмысшы мамандығын нарық талап етіп отырғанын, сондықтан бұл мамандық жастар арасында танымалдыққа ие екеніне тоқталып өткен.

«Бізбен - Қазақстан жастарымен байланыстырған Сіздің жоспарларыңыз бен үміттеріңізді шындыққа айналдырамыз деп сенеміз. Біз тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасуына лайықты үлесімізді қосамыз және бізге артқан сеніміңізді ақтаймыз», - деп атап өткен хат иелері.

«Сіздің Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында сөйлеген сөзіңізбен таныса келе, мен елімізде жастарға қамқорлық жасалып жатқанын тағы да атап өтпекпін. Соңғы жылдары бұл салада мемлекеттік бағдарламалар бекітіліп, табысты жүзеге асырылуда. Мен өз елімнің патриотымын және болашаққа сеніммен қараймын. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылатынына сенемін. Біз, жастар, елімізді жаңа биіктерге көтеруге әзірміз», - деп жазады «Позитив Лисаковск» жастар апталығының  редакторы, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі М.Сушко.

Өз кезегінде Қостанай облысының Қарасу ауылының тұрғындары Президентке жазған хаттарында Қазақстанның жыл өткен сайын қарышты өркендеп келе жатқанын атап өткен. Еліміздегі тұрақтылықтың арқасында жас отбасылар қатары көбеюде, жастар келешектері кемел боларына көздері жетіп, республиканы дамыту ісіне белсене атсалысуда.