«Алла тағаланың жер бетіндегі барша адам баласын әртүрлі ұлттарға бөліп, жаратуы - Жаратушы Иеміздің шексіз даналығы. Қасиетті Құранда: «...Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді халықтар мен рулар етіп жараттық», - деп баяндалған. Құдайға шүкір, еліміз тұрақты даму үстінде. Сайын даланы мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осының бәрі халқымызға берген Алланың сыйы, өлшеусіз рахымы десек, егеменді елді жарқын болашаққа бастаған ел басшысын тағайындап беруі, Жаратушы Иеміздің тағы бір үлкен нығметі. Халқымыз Тәуелсіздікті тойлап, оны мәңгілік етуді ойлап жүрген жоралы жұрт екенін әлем мойындады. Ендеше, Елбасы айтқандай, баршамыз Тәуелсіздігімізді сәт сайын қорғауымыз қажет», - дейді Бас мүфти.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлының игі бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, береке мен бірліктің ұйытқысына айналды.
«Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі Елордамыз - Астана рухани келісімнің ордасы екенін еліміздің әрбір азаматы мақтанышпен айтады. Бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай, тату өмір сүріп келе жатқан 100-ден астам ұлт өкілдері Қазақстанның қарыштап дамуына үлкен үлес қосуда. Ата Заңымызда айқындап жазылғандай, азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. Бұл - бейбіт жолды басты бағдар еткен еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығының үздік үлгісі. Халқымыздың кең пейілі, қонақжай, бауырмал, дархан мінезі кең байтақ даламызда бейбітшіліктің салтанат құруына негіз болды. Ұйымшылдыққа ұмтылған ұлтымыз бақыттың бастауы - бірлік деп білген», - дейді Ержан қажы.
Мүфти, елімізде 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінің аталып өтуінің де үлкен мәні бар екендігін атап өтті.
«Бұл - ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытатын игі шара. Жастарды, бүкіл халықты ұйымшылдыққа жұмылдырған мерейлі мереке құтты болғай!
Алла тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін, ауызбіршілігін арттырғай. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай!», - деп құттықтады Бас мүфти.