Парламент қабылдаған құжаттың мақсаты халықаралық шарттар саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады және ол бойынша қолданыстағы екі заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» және «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңдарына өзгерістер ұсынылып отыр. Соның ішінде Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келмейтін, ұлттық қауіпсіздігімізге залалын тигізуі мүмкін немесе еліміздің Тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін халықаралық шарттарды жасасуға жол бермейтін жаңа норма енгізіледі. Бұл норма келісімдерді даярлау мен оларды жүргізуге қатысушы мемлекеттік қызметшілер үшін негіз қалыптастыратын болады. Бұдан бөлек, қазақ тілі Қазақстанның мемлекеттігін айқындайтын басты фактор екенін еске ала отырып, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттарын Қазақстанның мемлекеттік тілінде және тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасасуы ұсынылады.
13:44, 16 Қаңтар 2014
Тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін халықаралық шарттар жасауға жол берілмейді - Парламент
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды. Құжатқа бірқатар Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.