***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында биылғы жылғы халыққа жолдаған Жолдауын жария етті. Жолдаудың мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланды.
Сондай-ақ аталмыш басылымда «Тәуелсіздік - баға жетпес құндылық» атты мақала жарық көрді. Онда кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрғалық етуімен өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығының мерейтойын өткізуге арналған кеңесте көтерілген мәселелер туралы баяндалады. Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде Қазақстан халқына Жолдауын барша қазақстандықтарға түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу үшін Үкіметке, мемлекеттік органдарға, «Нұр Отан» партиясына тапсырмалар берді. Президент, сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын кең көлемде атап өтуге байланысты ойын ортаға сала келіп, осы жылдар ішінде Қазақстанның қол жеткізген табыстарын қазақстандықтарға ғана емес, шет мемлекеттерге де таныстыру қажеттігін атап көрсетті. Тәуелсіздік - біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз, деді Президент осы жайында.
Сондай-ақ басылым айқара бетті «Армысың, ақ Азиада» атты айдармен ертең жалауы көтерілетін VII қысқы Азия ойындарына арнаған. Онда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен және Азиадада өнер көрсететін спортшылармен сұхбаттар, мамандардың пікірлері, қысқаша айтқанда, Азиада туралы көптеген ақпараттар алуға болады.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Білім мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін айшықтайды» атты мақала жарияланды. Онда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы білім саласын жетілдіруге қатысты міндеттер жөнінде баяндалады. Мақала авторының жазуынша, биылғы Жолдауда білім мен ғылымды дамыту мәселесіне үлкен көңіл бөлінді. Әлеуметтік модернизациялау бағдарламасы негізінде жаңа әлеуметтік саясатты басшылыққа алып, білім беру процесін модернизациялау, барлық білім саласын толық компьютрлендіру, мульти-медиа сыныптарын жабдықтауды аяқтау, интерактивті тақталармен толық қамтамасыз ету, 12 жылдық білім беруді 2020 жылы толық аяқтау, өмір бойы білім алу принципін басшылыққа алу, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін ары қарай жетілдіру сияқты аса маңызды жалпыхалықтық ұлттық міндеттер бізге көп жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан да болар Елбасымыздың Президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастаманы тараздықтар мен институт жастары мен ғалымдары, оқытушылары бірауыздан қабылдап отыр.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Дүбірлі жарыстарға даярмыз ба?» атты мақала жариялады. Мақала авторының жазуынша, Астана мен Алматы қалаларында жалауы желбірейтін айтулы додада спорттың 11 түрі бойынша 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады. «Командалық есептегі негізгі бәсекелестік Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстан құрамалары арасында өрбитіні анық. Біздің спортшылардың алдына қойылған негізгі мақсат - озық үш команданың қатырынан көріну. Осы жоспарды жерлестеріміз ойдағыдай жүзеге асыратынына сенімдіміз», дей келе автор қысқы Азия ойындарына қатысатын спорт түрлерінен қандай жетістіктерге жетуіміз мүмкін екендігіне сараптама жасайды.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Ұлттық қысқы ойындарымыз бар ма?» атты тақырыпта мақала басылды. Аталмыш мақала авторының жазуынша, ертең қазақ топырағында VII қысқы Азия ойындарының алауы тұтанады. «Өкінішке қарай, осынау дүбірлі доданы өз жерімізде өткізіп отырып, оның бағдарламасына бірде-бір ұлттық ойынымызды, спорттық өнерімізді қоса алмадық. Неге? Оның басты себебі - «қазақта қысқы ұлттық спорт түрі жоқ-мыс. Қазақтың ұлттық ойындарының бәрі жазғы спорт түрлері екен». Бұл қазіргі мамандардың айтып жүрген уәждері. Ал шын мәнінде қазақтар ертеден қан сонарда аңға шығып, бүркіт салған. Бұл спорт, өнер емес пе? Спорттық өнер болмаса, саяткерлік өнер неге ұлттық ойындар федерациясының құрамына енгізілген. Сондықтан саяткерлікті спорт емес деу әбестік», делінген мақалада.
Сондай-ақ аталмыш басылымда жарияланған «ТМД елдері арасында ірі доданы алғаш болып Қазақстан қабылдап отыр» атты сұхбат жарияланған. Онда даңқты спортшы Владимир Смирнов өзінің елімізде өтетін қысқы Азия ойындарына қатысты ойларымен бөліседі. Спортшының айтуынша, Қазақстан спортшылары жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленеді. «Бұған біздің әлеуметіміз жетеді. Тіпті одан да жоғары орындарға да таласуымызға да мүмкіндік бар. Әлбетте, басты қарсыласымыз, әдеттегідей, қытай, жапон, кәріс спортшылары болмақ. Дегенмен осылардың біреуін жалпыкомандалық есепте төмен сырғытуға шамамыз жетеді. Тек спортшыларымыз үмітті ақтаса, болғаны»,-дейді В.Смирнов. Аталмыш сұхбатты «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттерге қатысты ғалымдар мен саясаткерлердің және еліміздегі көптеген сала мамандарының пікірлерін жариялапты. Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтың пікірінше, әлем қаржылық дағдарыстың салдарын саралап жатқанда, біздің еліміз өзінің дағдарыстан кейінгі жетістіктерін сөз етуде. Қазақстан бұл қиындықты да абыроймен еңсере білді. Нәтижесінде экономикамыз өрлеп, еліміздің алтын қоры ұлғайды. Сонай-ақ банктердің сыртқы қарыздары азайды. Ал депутат Асхат Бекенов Жолдауда әлеуметтік мәселелердің кеңінен көрініс тауып отырғандығын айтады. Мамандардың Жолдауда көрсетілген шараларға қатысты пікірлерін «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.